Дональд Трамп АҚШ Президенті лауазымында өткізген бір жылын қорытындылап сөйлеген 80 минуттық сөзінде "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымынан бастап, Empire State Building ғимаратына дейін әртүрлі тақырыптарды әңгімесіне арқау етті. ВВС тілшісі Америка Президентінің ерекше атап өткен 7 мәлімдемесін кеңінен талдап, ол жетістіктегі Дональд Трамптың еңбегінің үлесін таразылайды. 

1. Сайлаудан бері бір ғана өңдеу өнеркәсібі саласында 200 мың, жалпы 2,4 млн жаңа жұмыс орны құрылды. 

ВВС тілшісі хабарлайды: 2016 жылдың қарашасынан бастап (Дональд Трамп сайлауда 2016 жылдың 8 қарашасында жеңіске жетіп, ресми қызметіне 20 қаңтар кіріскен) Америкада 2,37 млн жаңа жұмыс орны құрылған. Еңбек статистикасы бюросының мәліметінше, 2017 жылы өңдеу өнеркәсібінде 197 мың бос орын ұсынылған.

2 . Африкалық-америкалықтар мен испандық-америкалықтардың жұмыссыздық деңгейі ешқашан дәл мұндай төмен көрсеткішке жеткен емес. 

Еңбек статистикасы бюросы африкалық-америкалықтар мен испандық-америкалықтардың жұмыссыздық деңгейін 1972-73 жылдардан бері есепке алып келеді. Өткен жылдың желтоқсан айындағы көрсеткіш алғашқы топ үшін 6,8%, ал соңғысы үшін 4,9% деңгейіне тұрақтаған. Бұл - 1983 жылы ең жоғары деңгейге жеткен 20 пайызбен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш.

3. Біз Америка тарихындағы ең үлкен салықтық жеңілдік жасадық. 

Рождество мерекесі қарсаңында корпоративті салық 35 пайыздан 21 пайызға дейін төмендеді. Politifact факт-чекинг сайты бұл жеңілдіктің Америка тарихындағы ең үлкені еместігін айтады. Сайт әкімшілігі 1981 жылы Рональд Рейган мен 2010 және 2013 жылдары Барак Обама тұсында қабылданған салықтық жеңілдіктерді мысалға келтіреді.

4. Біз салықтық жеңілдіктер енгізгеннен кейін, 3 млн жұмысшы жалақысына үстеме алды. 

Салықтық жеңілдіктер жарияланғаннан кейін, бірқатар компаниялар өз қызметкерлерінің жалақысына үстеме жариялады. Осылай Disney компаниясы 125 мың қызметкеріне 1 000 доллар көлемінде сыйақы ұсынса,  Fiat Chrysler Automobiles 60 мың қызметкерінің әрқайсысы 2 000 доллардан алатынын хабарлады. Америкалықтар салық реформасы үшін (Americans for Tax Reform) ұйымы 285 компанияның үстеме жариялау акциясына қатысқанын, бұл шамамен 3 млн жұмысшыны қамтитынын мәлімдеді.

5. Біз өзімізге дейін Президент әкімшіліктерімен салыстырғанда, ең көп жарлықтан бас тарттық.

Дональд Трамп әкімшілігі бір жылдың ішінде 1 мың 579 жарлықтың күшін жойған. Өз кезегінде Жордж Буш өзіне дейін қабылданған 181 жарғыдан, ал Барак Обама 156 құжатқа тыйым салған.

6. Мен "Ислам мемлекетіне" қарсы күрескен коалицияның Ирак пен Сүрия жерін 100 пайыз азат еткенін мақтанышпен хабарлаймын. 

1 қаңтар күні "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қарсы АҚШ бастаған коалицияның генералы террористер жаулап алған жердің 98 пайызы халыққа қайтарылғанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ азат ету операциясындағы Ресей мен Иранның қолдауына сүйенген Сүрия Үкіметі әскерінің үлесін атап өтті. Дональд Трамп АҚШ Президенті қызметіне кіріскенге дейін, "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы өз қуатын жоғалта бастағаны белгілі. АҚШ бастаған коалиция  2014 жылы құрылған. Барак Обама былтыр коалицияның күшімен террористер Иракта 40%, Сүрияда 10% территориясын жоғалтқанын айтқан болатын.

7. Америка Empire State Building ғимаратын бір жылда салған. 

Ғимарат құрылысы 1930 жылы 17 наурызда басталып, 1931 жылы 1 мамырда аяқталған.

“The Qazaq Times”