Түркия президенті Режеп Тайып Ердроған сөзінде Түркия қарулы күштерінің Сүрияға кіруін Мәскеумен ақылдасқанын айтты. Кеше елдің қарулы күштері күрд қарулы күштеріне соққы беру үшін Сүрияның солтүстік-батысындағы бірнеше елді мекендерді иелегенін хабарлаған еді. Ел президенті болса әскери қадамдардың бұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізген. Бұл туралы BBC онлайн қызметі хабарлады.
Түркия президенті сөзінде: «Біз бұл операция туралы ресейлік достарымызбен ақылдасқанбыз. Біздің келісімдеріміз бар», – деді. Ол және операция туралы Уашингтон билігімен де сөйлескен, алайда, АҚШ жақ Түркиямен пікір бірлігіне келе алмаған. Бірақ, қандай мәселелер төңірегінде сөйлескені туралы ашып айтпады.
Түркияның Сүрияға шекаралас оңтүстік және оңтүстік-шығыс шекара аймақтарында күрд өкілдері көбірек қоныстанған. Олардың Күрдістан Жұмысшы партиясы 1984 жылдан бері автономия алу үшін күресіп келеді. Сүрия жеріндегі күрдтердің Халықтың өзін қорғау қосындары (PKK) Анкара жағынан террорлық ұйым деп танылған әрі Күрд жұмысшы партиясымен бір ұйым деп саналды. Алайда PKK өздерінің аталған партиямен байланысы жоқ екенін алға тартқан.
Түркияның бұл әскери қадамдары оның НАТО-дағы одақтастарымен араздығын күшейтуі мүмкін деген болжам бар. «Анадолы» ақпараттық агенттігінің хабарына қарағанда, түрік армиясы Африн аймағындағы 4 елді мекенді иеледі делінген. Алайда, Сүриядағы адам құқықтары жөніндегі орталық күрд қарулы жасақтарының да күшті қарсылық көрсетіп жатқанын, тіпті екі елді мекеннен түрік қарулы күштерін шегіндіріп шығарғанын мәлімдеген.
Түркияның әскери қадамдарын Сүрия, Иран және Мысыр үкіметтері қатаң айыптауда. Ердоған болса, Күрд елдік қорғау қосындарын тез арада талқандайтынын жеткізді. Алайда, АҚШ пен Франция бастаған Батыс елдері Түркияға атысты тоқтату туралы ескертіп келеді. Башар Асад Түркияның әскери әрекетін «асқынған түрік агрессиясы» қатарында бағалап, Сүриядағы өзге террорлық топтарды қолдаумен бірдей деп айыптаған. Ирак та Сүрия жағдайын жақсарту үшін атысты тоқтатуға шақырып отыр.
Бас штаб пәтері Лондонда орналасқан Сүриядағы адам құқықтары жөніндегі орталықтың берген мәліметінде, Африн аймағындағы қақтығыстан 18 жазықсыз тұрғынның қаза тапқаны айтылды. Оның көбі дерлік жексенбі күнгі жасалған әуе шабуылдарында көз жұмған. Жексенбі күні болған шайқаста 4 түркиялық, 10 сүриялық әскер оққа ұшқан. Алайда, бұл мәліметтерді Түркия тарабы растамады. Түркия жақтың хабарында күрд қосындары атқан зымырандар Килис және Рейханлы қалаларына түскені айтылған. Түркия әскерлері Африн аймағын өткен бейсенбіден бері артиллериялық шабуыл нысанасы етіп келеді.