Қытай тарабы өткен апта соңында америкалық бір әскери кеменің (зымыран тасушы кеме) Оңтүстік Қытай теңізіндегі таластағы аралдардың біріне жақындағаны үшін айыптады.  АҚШ-Қытай арасындағы сауда-экономикалық және Солтүстік Кореяға байланысты шиеленістер күшейген сайын, Оңтүстік Қытай теңізіндегі айыптау мен наразылықтар да көбейе бастады.

Қытайдың Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі жұма күні жеке-жеке мәлімдеме жасап, АҚШ-тың «Hopper» зымыран тасығыш кемесінің Қытай үкіметі өзінің иелігі деп есептейтін тізбек аралдарға жақындады деп айыптады. Елдің Қорғаныс министрлігі жасаған мәлімдемеде, Қытай теңіз флоты «Хуаңшан» ракеталық фрегаты арқылы АҚШ кемесін анықтады және оларды бақылап иелік ұзатып тастағанын айтқан.

Қытай СІМ-і өкілі бұл туралы жасаған арнайы мәліметінде, АҚШ әскери кемесінің бұл әрекеті Қытайдың егемендігі мен қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келгенін айтқан. Әрі Қытай тарабы өз мүдделерін қорғау үшін қажетті шараларды жасайтынын мәлімдеген.

АҚШ Тынық мұхиты флотының өкілі Николь Швемман «Hopper» туралы нақты түсінік бермеді, бірақ АҚШ-тың аумақтық жанжалдарды болдырмас үшін «еркін шарлау» өткізіп тұратынын айтты. Швебманның айтуынша, мұндай «еркін шарлау» халықаралық құқыққа сәйкес және жағалаудағы мемлекеттердің заңды мүдделеріне қауіп төндірмейді.

«Hopper»  аталған аумақтан өтуінің нақты себебі белгісіз. АҚШ теңіз күштерінің баспасөз хабарламасы мәліметінде , 4 қаңтардан бастап теңіз-мұхитына теңіз кемелерін қорғау үшін АҚШ теңіз күштерінің жетінші флотын аттандырғанын айтқан болатын.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі сөзінде: «Қытай үкіметі Оңтүстік Қытай теңізінде өзге елдердің әуе және су жолдарын пайдалану құқығын құрметтейді. Алайда, аталған теңіздегі әуе және су жолын пайдалану құқығын сылтау етіп, Қытайдың ұлттық қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келтіретін әрекеттерге соққы береді», – деді. Сонымен бірге АҚШ-қа «Мұндай арандату әрекетін тоқтатсын» деген ескертуін берді.

Оңтүстік Қытай теңізінің иелік құқығы Қытай үкіметі мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің арасында үлкен қайшылық тудырып келеді. АҚШ пен Аустралия бұл теңіздегі Қытай тарабы бүлдірген халықаралық құқықтарды қадағалап отыр. АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы қазір көп жақта шиеленістер мен қайшылықтарға ұласуда.

“The Qazaq Times”