2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарында допинг қолданған деген айыппен Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен әлемдік спорттық додаларға қатысудан шеттетілген ресейлік спортшылардың ісі  бүгіннен бастап, Спорттық арбитражды сотта (Court of Arbitration for Sport (CAS)) қаралады. Олар өздеріне тағылған айып пен өмір бойына Олимпиада ойындарына қатыстырылмау жазасының күші жойылғанын қалайды. Бұл туралы AFP ақпараттық агенттігі жазды.

Алдағы Олимпиада ойындары қарсаңында Ресейдің спорт саласының болашағын анықтайтын маңызды сот отырысы Лозаннадан Женеваға көшіріліп, орталықта өтетін болды. Сот тыңдалымына 39 ресейлік спортшы қатысады деп күтілуде. Куәгерлердің қатарында 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы кезінде антидопингтік зертхананы басқарған Григорий Родченков пен канадалық қорғаушы, аталған іс бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізген  Ричард Макларен бар.

Аталған дау Григорий Родченковтың Ресейдің мемлекеттік допинг бағдарламасы мен биліктің тапсырмасымен өзі ойлап тапқан атлеттердің ағзасында анықталуы қиын, бірақ ағзаға үлкен күш беретін химиялық қоспа туралы атышулы мәлімдемесінен кейін басталды. RUSADA-ның (Ресейдің антидопингтік агенттігі) қос бірдей экс-басшысы қаза тапқаннан кейін, АҚШ-қа кетіп қалған Григорий Родченков Сот отырысына қатыспайды. Ол арнайы видео-байланыс арқылы куәлік етеді.

Сот шешімі 29 қаңтар мен 2 ақпан аралығында белгілі болады. Осыдан бұрын Халықаралық Олимпиада комитеті 2018 жылы Пиоңчаңда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті ресейлік спортшылар арнайы тағайындалған допинг сынамасын тапсырып, қанынан бөгде заттар табылмаса, өз мемлекетінің емес, "нейтралды" ту астында өнер көрсете алатыны жөнінде мәлімдеме жасаған болатын.

“The Qazaq Times”