Ақпарат көздері президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрама Штатқа жетіп, ресми сапарын бастағанын хабарлауда. Орталық Азияның және басқа елдердің де ақпарат құралдары Қазақстан-АҚШ немесе АҚШ-Орталық Азия тақырыбын көбірек талқылай бастады. Көптеген елдердің баспасөздері мен сарапшылары АҚШ-тың Орталық Азиямен байланысы АҚШ-Ресей қарым-қатынасына тікелей байланысты деген болжамды қуаттайды. Оның себебі айтпаса да түсінікті.

АҚШ мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары, Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы елшісі Элис Уеллс Құрама Штаттың Орта Азияға бағыттаған саясаты туралы сұрауларға жауап беріп: «Орталық Азия елдерімен бірлескен стратегиялық әріптестік қатынасымыз бар. Онда экономикалық интеграция, терроризмге, діни экстремизмге, заңсыз есірткі саудасына қарсы күрес және өңірдің тұрақтылығы сынды мәселелер қамтылған», – деген сөзін BBC-дің ресми сайты хабарлапты. Ол тағы сөз арасында АҚШ-ты бұл аймақтың интеграциясы қызықтырып отырғанын айтқан.

Орталық Азия елдерінің бірлігі Кеңес одағы ыдыраған кезден-ақ сөз болды, сол кезден бастап қолға да алынды. Тіпті осы мақсатта көптеген ұйымдар да құрылған. Алайда, аталмыш ұйымдардың жұмыстары мен атқарған істері нәтиже бермеді. Оған Ресей мен Қытайдың кері әсер етіп отырғаны да белгілі. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан елдері ортақ ынтымақтастыққа келер болса, бұл қандай да сыртқы күштерге қарсы тұра алатын қуатты одақ бола алатыны даусыз. Дегенмен, алдағы уақытта Орталық Азия бірлігі жүзеге асуы мүмкін бе? Орталық Азиядағы Ресей мен Қытайдың басымдығын АҚШ немесе Батыс елдерімен әлсіретуге бола ма?

Президент Обаманың тұсындағы АҚШ мемлекеттік хатшысы Жон Керри негізін қалаған «С5+1» платформасы АҚШ-тың өңірге бағыттаған сыртқы саясаты.  Көп санды пікірлер Орта Азия ынтымақтастығының ендігі үмітін осы платформаға артып отыр. Бұл туралы қырғызстандық саясаттанушы Эмил Жураев платформаның мақсатының арасында «Орталық Азия мемлекеттерін біріктіріп, Қытай мен Ресейдің ықпалын әлсірету де бар болуы мүмкін» деген жорамалды айтады.

Обама билігі кезінде Орталық Азия елдерінің СІМ басшыларын Уашингтонға жинаған Жон Керри 15 млн АҚШ долларына бағаланған бес жобаны іске асыруды ортаға қойған еді. Дегенмен, билік Трампқа ауысқанда бұл жобалардың және «С5+1»-дің болашағы қалай болады деген сұрақтар туындады. Трамп Обаманың жобаларын шетінен терістеп келгеніне қарап, "С5+1" де  аяқсыз қалуы мүмкін деген ойлар туды. Алайда, Трамп билігі бұл платформаны терістеген жоқ, керісінше жетілдіруді, дамытуды көздеді. Оған қазіргі мемлекеттік хатшы Тиллерсон кірісіп жатыр. Ол өткенде  Орталық Азия елдерінің СІМ басшыларын Нью-Йорк қаласына жинады. Элис Уеллстің айтуынша, бұл бас қосуда «платформаның отырысы алда Орталық Азияның өзінде өтсін» деген ұсыныс тасталды және бұл Тиллерсон мен АҚШ Конгресінің де қолдауын тапқан. Сонымен бірге жобаға тағы 15 млн АҚШ доллары бөлінген.

АҚШ президентінің өткен жылы күзде жариялаған алдағы стратегиясында Қытай мен Ресей Құрама Штатқа басты «қарсылас» екенін қадап айтты. Орыс пен қытайдың ықпалы қатар жүріп тұрған Орталық Азия АҚШ стратегиясы үшін маңызды аймақтың бірі болса да, әсіресе АҚШ-Ресей қатынасындағы сезімтал бұл өңірге бағытталған қадамдар қаншалықты тиімді? АҚШ-пен белсене араласқан Қырғызстан еліндегі АҚШ әскери базасын жапты, 2015 жылдан кейін ынтымақтастығын тоқтатты. Ал өзге елдердің де Уашингтонмен болған байланысы аса жоғары деңгейде емес.

Солай деген күннің өзінде, өңірде жасырынып жатқан АҚШ-қа керек мүдденің бар екенін айта аламыз. Ең алдымен Оңтүстік Азиядағы АҚШ белсенділігі қайта жанданған тұста, соған жақын Орталық Азия геостратегиялық маңыздылығы да Уашингтон билігінің назарынан тыс қалмайды. Ауғанстандағы АҚШ әскерлерінің қайта көбеюі, Пәкістан мен Ирандағы жағдай... қай жағынан алғанда да қанаттас Орталық Азия елдерінің салмағы артып келеді. Өзбекстандағы болып жатқан өзгерістер өңірдің саяси бет бейнесіне жаңа рең берді. Табиғи ресурстар байлығы - бұл өлкенің басты құндылықтарының бірі.

Қазақстан болса АҚШ үшін осы өңірдегі ең басты ұйытқы болуға сай ел. Оны АҚШ мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Элис Уеллс те растаған. «Ядролық қарусыз әлем» идеясын алға тастаушы ел ретінде өңір тұрақтылығына, бейбітшілікке жасаған имиджімізді АҚШ бірінші кезекте ескереді.  Қазақстан өзінің ядролық қаруларынан бас тартқан екі мемлекеттің бірі және осы бағыттағы өзінің лидерлік орнын көрсетіп келе жатыр. Екінші кезекте Уашингтон назарында өткен жылы құрылған аз мөлшерде байытылған уран банкі тұрады. Оны Халықаралық атом энергиясы агенттігі де қолдаған.

Орта Азия елдерінің ынтымақтастығы және оған АҚШ-тың бастамашы болуына қарсы Ресей жақтан ақпараттық дауыл басталып кетті. Олар Орталық Азия елдері мен АҚШ тек экономикалық селбестік жасауына ғана жол беретінін айтуда. Аталған өңірді, соның ішінде Қазақстанды өзінің «Алтын қақпасы» деп санайтын Мәскеу үшін бұл аймақта Уашингтонның жиі қадамын жақтырмайтын, «атасынан қалған» ойдың жататыны сөзсіз. Десе де бұл прогресс басталып кетті. Соңғы қалай болады, ол жағы осы елдердің лидерлері мен олардың ел халқына деген жауапкершілік сезімінде қалды деуге болатындай. "Алты Алаш" ұғымын кей тарихшылар Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда заманындағы түбі бір түрік жұртымен байланыстырады. Бүгінгі Орта Азияның түбі бір туысқан елдерінің басын АҚШ біріктіре алар ма?

“The Qazaq Times”