ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2017 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарында халықтың көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына қанағаттану дәрежесін анықтау мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізді. Бұл туралы министрліктің қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің ресми сайтында хабарланды. 

Жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы бойынша елімізде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына халықтың қанағаттану көрсеткіші 54,4 %-ды құраған.

Көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен деңгейіне қанағаттану деңгейі Қарағанды, Қостанай облыстарында және Астана қаласында байқалады. Ал Батыс Қазақстан облысында және Алматы қаласында ең төменгі деңгейде.

Енді министрлік сауалнама нәтижелерін негізге ала отырып, медициналық ұйымдарындағы көрсетілетін  медициналық қызметтердің қолжетімділігін және сапасын арттыруға ниетті.

Сауалнама анонимді түрде жүргізілді. Жалпы алғанда республика бойынша 211 526 адам сұралған, оның ішінде 32 882 респондент ғылыми-зерттеу институттары, ұлттық орталықтары, стационарлардан қатысса, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарынан 178 644 респондент қатысқан.

“The Qazaq Times”