Иранның бұрынғы саясаткерлері және экономика мамандары елдегі дағдарысты оңаудың жолдарын қарастыруда. Олар дағдарыс астарындағы экономикалық мәселелерді талқылап, шешудің амалын қарастыруда. Бұған елдегі бірқатар экономика мамандарымен қатар елдің бұрынғы министрлері де қатысты. Бұл туралы «People» басылымының ресми сайты жазды.
Кеңеске қатысқан бұрынғы министрлер арасында Иран Ислам Еңбек партиясының төрағасы, бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Хұсейн Кемали дағдарыстың нақты себептеріне тоқталды. Ол сөзінде: «Бұл реткі Мешхед қаласында басталған халықтық ереуілдердің астарында түрлі себептер бар. Айталық, инфляция, валюта бағамының тұрақсыздығы, жұмыссыздық, жемқорлық, инфрақұрылымдағы олқылықтар, ауа ластану және ауыл шаруашылық саласындағы қиындықтар қатарлылар бар. Қазіргі және бұрынғы министрлер бұл салалардағы кемшіліктерді тез арада түзетуге тура келеді», – деді.
Бұдан сырт экономика мамандары қазіргі кездегі Иран экономикасы тап болып отырған ең күрделі деген 5 мәселені атай отырып, үкіметке шешу жолдарын көрсетті. Экономистердің бір бөлігі Орталық Азия, Таяу-Шығыс және Еуропа мен Қытайға бағытталған жаңа экономикалық бағдарламаларды түзіп шығуды айтса, тағы біреулері ішкі өндірісті дамыту үшін бюджеттің шетке ағылуын қысқартуды ортаға салды.
Шетел сарапшыларының пікірінше, Иранның қазіргі үкіметі елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын бақылаудан шығарып қойған. Бұл үшін Иран ішкі және сыртқы саясатта реформа жасауы тиіс деп қарайды.