Оңтүстік Корея өткен айда Солтүстік Кореяға БҰҰ-ның санкцияларына қарамастан, жасырын түрде мұнай тасымалдаған кеменің қолға түскені туралы хабарлады. Ресми мәлімдемеге сәйкес, Lighthouse Winmore кемесі Солтүстік Кореяға тиесілі кемеге 600 тонна мұнайды тиегені анықталған. АҚШ Президенті Дональд Трамп осыған дейін Қытайдың Пхеньянға тауар тасымалын тоқтатпағаны туралы күдігімен бірнеше рет бөліскен еді. Қытай өзінің бұл оқиғаға қатысы барын толықтай жоққа шығарып отыр. Гон-Конгта тіркелген кемені Тайваньның Billions Bunker Group Corp компаниясы жалға алғандықтан, Пекиннің кінәсін дәлелдеу әзірге мүмкін болмай отыр.
Yonhap ақпараттық агенттігінің мәліметінше, кеме Йосу (Оңтүстік Корея) портына 11 қарашада тоқтап, осы жерден тазартылған май тиеген соң, 4 күннен кейін Тайвань бағытына бет алған. Дегенмен кеме халықаралық суларда 19 қараша күні Солтүстік Корея кемесімен кездесіп, жүкті тапсырған. The New York Times басылымы АҚШ-тың ғарыштағы жер серігінен алынған суреттерде қос кеменің кездескен тұсы бейнеленгенін жазды.
Қытай Үкіметі мемлекеттегі физикалық не заңды тұлғалардың ешбіріне БҰҰ енгізген санкцияларды бұзуға ешқашан жол бермейтінін хабарлады. АҚШ Президенті Дональд Трамп өзінің твиттер парақшасына: "Қытай ыстық қолдарымен ұсталды. Қытайдың Солтүстік Кореяға мұнай тасымалдағанына өте наразымын. Егер бұлай жалғаса берсе, біз Солтүстік Корея мәселесінің бейбіт шешіміне қол жеткізе алмаймыз", - деп жазды. Ол The New York Times басылымына берген сұхбатында Америка Қытайдың Пхеньянның ядролық қару бағдарламасын тоқтатуға байланысты көмегіне үміт артып, арадағы сауда келісімдерімдеріне барынша жұмсақ қарап келгенін, соңғы оқиға АҚШ пен Қытайдың әріптестік байланыстарына зардабын тигізетінін айтты.