БҰҰ Солтүстік Кореяның ядролық қару бағдарламасын дамытуға жауапты Ким Жоң Сик пен Ри Пиоңчолға қарсы санкция енгізді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі бұл қатаң шараны Пиоңяңның үздіксіз зымыран сынақтарын өткізу себебінен қабылдап отыр. Аталған тұлғалар АҚШ-тағы барлық активтеріне қолжетімділіктен айырылады және шетелдік транзакциялар орындай алмайды. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Пиоңяң зымыран сынақтары кезінде түсірілген барлық фотосуреттерде Солтүстік Кореяның басшысы Ким Жоң Уның жанынан табылатын қос тұлғаға қойылған шектеулерді толық экономикалық блокадаға бастайтын "соғыс қимылы" деп атады.
Reuters ақпараттық агенттігінің мамыр айында жүргізген зерттеуі аталған тұлғаларды ядролық қару құрастырушы Жаң Чан Хамен қатар Ким Жоң Унның алдында ерекше беделі бар екенін көрсеткен. Агенттіктің хабарлауынша, Ким Жоң Сик Ресейде білім алған әскери әуе күштерінің генералы, ал Ри Пиоңоль зейнеттегі зымыран құрастыру саласындағы ғалым.
БҰҰ Солтүстік Кореяның 28 қарашада өткізген соңғы зымыран сынағынан кейін Пиоңяңға қарсы төменде көрсетілген жаңа санкцияларды енгізген болатын:
- Мұнай өнімдерін жеткізу жылына 500 мың баррель, ал шикі мұнай тасымалы жылына 4 млн баррельге дейін қысқарады;
- Шет елде жұмыс істейтін барлық Солтүстік Корея азаматтары 24 сағат ішінде еліне оралуы керек;
- Солтүстік Кореядан көлік және электр құрылғыларын импорттауға тыйым салынады.
Солтүстік Кореяның мемлекеттік KCNA ақпараттық агенттігі санкция туралы мәлімдемеден кейін "АҚШ біздің мемлекетімізден қорыққаны соншалық, Пиоңяңға қарсы барынша көбірек қысым жасауға тырысып бағуда", - деп жазды.