БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің өткен жұмадағы отырысы кезінде, Солтүстік Кореяға қарсы салынған санкцияларды күшейту қарарын бір ауыздан мақұлдады. Қауіпсіздік кеңестің бұл қарары 29 қарашадағы Солтүстік Корея ұшырған құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағына жауап ретінде жасалды. Жаңа санкцияда КХДР-ға әкелінетін шикі және өңделген мұнай мен мұнай өнімдерін тіпті де қысқарта түседі. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.

Жаңа санкция Солтүстік Кореяға кіретін шикі және тазартылған мұнайдың 90 пайызын қысқартып тастайды. Қауіпсіздік кеңесінің айтуынша осы энергия көздері Солтүстік Кореяның әскери қуаты мен ядролық бағдарламалары үшін аса маңызды. Санкциялар Солтүстік Кореяның шикі мұнайды импорттау лимитін 4 миллион баррельге дейін қысқартады. Оған қоса дизель және керосин сияқты тазартылған мұнайдың импортының жылдық көлемі 500 мың баррельге дейін төмендетеді. Бұл КХДР үшін ауыр соққы болатыны анық.

Солтүстік Кореяның жексенбі күні ресми ақпарат агенттігі арқылы таратқан мәліметінде, Құрама Штат бастаған бұл санкция шешімі «соғыс ашумен» бірдей деп бағалаған. Сонымен бірге, бұл шараға қарсы «ядролық тежеуді» арттыра түсетінін мәлімдеген.

Солтүстік Корея мәлімдемесінде «Санкцияға қолдау көрсеткен елдерге де қарсы шара қолданамыз» деп қорқытқан.

Қытайдың СІМ-і жасаған мәлімдемесінде АҚШ -тың бастамасымен салынған санкцияның салмағы тым ауыр болатынын, Қытай өзіне қатысты кейбір жеңілдіктерді жасайтынын алға тартқан.

“The Qazaq Times”