Мұстафа Өзтүрік — шығыс жекпе-жек өнерін жетік меңгерген жай ғана спортшы емес. Ол тұманды, қарабарқын әлемге жіберілген жарық жұлдыз секілді еді. Ол шие бөрілер мен қандендер, түлкіден азған қарсақтар қаптаған далаға нағыз көкбөрі рухын алып жеткен көкжал болатын.
Оның аталары әділетсіздік пен қорлауға төзбеген, өр намысы мен асқақ кеудесін жауларына бастырғысы келмеген нағыз дала қырандары болатын. Еселескен дұшпанға бас имейтін, қойдай қайырып, қораға күргейлеуге көнбейтін түз тарпаңдары ерлік туын жыққан жоқ. Жауларымен атысты да шабысты, бірақ алған бетінен қайтпады. Алып шөл Такламаканды басып, аспанмен тілдескен Гималайды асып, ақыры Анадолыға жетті. Сол батыр елдің, қайсар қазақтың таза қанды ұлдарының бірі Мұстафа Кабейұлы Өзтүрік болатын.
Шоқтай жанған жанарынан көкбөрінің рухы лаулап, айнадай жан-дүниесі жарқырап тұратын. Батырға біткен мысы, асылға біткен мінезі Тәңір ерекше жаратқан болмысы нағыз ноян еді.
Елім, жерім, ұлтым, қазағым деген сөзді ол жан-тәнімен беріліп айтты. Қазағым деген ұлдың жүрегі аппақ, ниеті кіршіксіз таза еді, бірақ оны қаскөйлер қызыл қанға бояды. Тазқаралар мен құзғындар жайлаған аспанда, биікке қанат қаққан қыранның топшысын қиып, омыртқасын үзді. Түбі Мұстафадай ерге жасалған қастандық, аяусыз қаскөйліктің арты ашылмай қоймас. Өйткені, қан қарызы, халқы сүйген бейуаз ұлдың обалы ешкімді жібере қоймас.
Оған деген ел-жұрттың пейілі қандай еді. Халық шын ықылас-ниетімен, махаббатымен биікке көтерген Мұстафа тәуелсіздікті жаңа алып, құлдықтын құрсауынан енді босаған елдің еңсесін көтеруге, рухын өрлетіп, намыс туын желбіретуге келген жебеуші, сананы бұғаулаған темір шынжырды турауға жіберген Тәңірдің алдаспан қылышындай еді. Иә, онымен кездескен, тәлімін алып, өнерін үйренген, сөзін тыңдап, жүзін көрген жанның бәрі соны аңғарды, сезінді. Сол сезім әлі де халықтың жүрегінде. Тірі болса Алаштың айтөбел батыры алпысқа толар еді… Амал не?! Оның рухы дарыған, қасиеті қонған ұлдарымыз аман болсын!
Айтпақшы, әйгілі әктер, жекпе-жек өнерінің шебері Брюс Лидің киносын көп көргендер Мұстафа Өзтүріктей дүлдүл ұлды «қазақтың Брюс Лиі» дейді екен. Өзімізді өзгелердің шегінен асыра алмайтын можантопайлықтан басқа түк те емес бұл. Иә, Брюс Ли де айтулы тұлға. Бірақ, әртіс спортшыны Мұстафадай батырмен, болмысы дара, қыран мінез, көкжал рухты нағыз Көктүріктің ұрпағымен теңестіру тым тайыздық болар еді. Бірге өнер үйренген, қасында болған Брюс Лидің қатардағы адам екенін Мұстафа батырдың өзі де айтып кеткен. Кемсіту де, көре алмау да, төмен санау да емес, шынайы пікір, қалыпты көзқарас.
Сондықтан, Мұстафа Өзтүрік қазақтың Брюс Лиі емес, ол – қазақтың Мұстафа Өзтүрігі, ұлтының оғланы, елінің нағыз еңіреп туған Ері. Жатқан жерің жайлы болып, рухың аспанда шалқысын, асыл аға!
“The Qazaq Times”
(Мақала 2014 жылы qiyan.kz. bnews.kz сайттарында жарияланған. Бүгінгі Димаштың өзін Витасқа теңегендерге айтқан жауабына орай, үндес тақырыпты оқырман назарына қайта ұсындық-редакция)