АҚШ Президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындау туралы шешімін кейінге қалдыратын болды. Бұл АҚШ одақтастары мен өзге мемлекеттер тарапынан туындаған наразылықтар мен түсініспеушіліктерге байланысты. Ақ үй Президенттің АҚШ-тың Тель-Авивтегі елшілігін Иерусалимге көшіру туралы соңғы шешімі жақын күндері жарияланатынын хабарлады.
Дональд Трамптың АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіру туралы бастамасынан кейін Америка басшысына әлем саясаткерлері тарапынан өте көп қоңырау түскен. Израиль мен Палестина арасындағы әр тарап Иерусалимді өз астанасы көретін даудың соңғы нүктесі қойылмағанына қарамастан, АҚШ-тың оны Израильдің меншігі деп мойындауы көп мемлекеттің наразылығын тудырды.
Франция Президенті Эммануель Макрон: "Бұл мәселе Израиль мен Палестина арасында шешілетін тақырып", - деп, АҚШ-ты сыртқы саясатына үлкен өзгерістер әкелетін қадамға бармауды ескертті. Түркия: "АҚШ-тың бір тарапты қолдауын бұлай ашық білдіруі өңірде жаңа қақтығыстар мен тартыстардың туындауына алып келеді", - деп қауіптенсе, Араб мемлекеттерінің Одағы Таяу Шығыстың тұрақтылығына алаңдайтынын білдірді.
Барлық мемлекеттердің бас елшілігі Тель-Авивте орналасып, Иерусалимде консулдықтар жұмыс істейді. 1995 жылы АҚШ Конгресі өз елшілігін Иерусалимге ауыстыру туралы арнайы акт қабылдағанымен, Билл Клинтоннан бастап, Барак Обамаға дейінгі Президенттер ұлттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында бұл шешімді заңды күшіне енгізуді кейінге қалдырып келді. Енді өзіне дейінгі басшылар бара алмаған батылдыққа Дональд Трамптың қайраты жетер-жетпесі жақын күндері белгілі болады.