Солтүстік Корея армиясы саны жағынан әлемнің төртінші орнында. Армияда ер жауынгерлерден тыс әйелдердің саны да аз емес. Алайда, Солтүстік Корея армиясының тәртіп-түзімі әйел әскерлер үшін тым ауыр тиетіні, сол армия сабынан қашып шыққан бірлі-жарым әйел әскерлер жағынан мәлім болып отыр. BBC-дің ресми сайтында Солтүстік Корея армиясының қатарынан қашып шыққан Ли Со Ионның сөзін жария етті.
Ли Со Ионның айтуынша, армия қатарында ұрып соғу, зорлықты күш қолдану, әлімжеттілік істері жиі орын алатындықтан, әйелдердің қалыпты физиологиялық ғадеті бұзылу сынды істер көптеп ұшырасады екен. Ол КХДР қарулы күштері қатарында 10 жылға жуық қызмет еткен. Оның өзінде сол елдегі 90-ші жылдары болған аштықта, кемінде тамақтан таршылық көрмес үшін әйел әскерлер қатарына қосылған. Оның сөзіне сенсек, Солтүстік Корея әскерлері тым жапалы тұрмыс өткізетін көрінеді.
Ли Со Ион сөзінде: «Әйел әскерлер тұратын корпустарда үнемі ыстық су болмайды. Жуыну үшін шатырлардан ағып түскен жаңбыр суын пайдаланатын. Онымен бірге кейде құрт-құмырсқа бақа, жыландар да ағып келетін.», – дейді. Ол және екі қабатты төсектердің төсеніштері күріш сабандарынан жасалатындықтан жайсыз әрі жаттығуда кейінгі тер иісі сіңіп ұзақ мезгіл сол иістің кетпейтінін де еске алды. Ол және өзімен қатар мыңдаған әйелдердің аштық жылдарында тамақ асырау үшін армия қатарына қосылғанын айтып берген.
17 жасында армия қатарына кірген Ли Со Ионға алғашында әскери өмірі ұнаған. Патриотизм сезімі мен саптастар ара берік махаббат орнатқан. Армиядағы тәртіп әйелдер мен еркектерге қашанда бірдей жүргізілген. Дегенмен, физикалық күшті талап ететін ауыр жұмыстардан әйел әскерлер босатылып, есесіне күн сайын тамақ даярлау, тазалық, реттеу жұмыстарына тартылған. Тынымсыз жаттығулар мен жетерлік тамақтанбау ақыры олардың денсаулықтарына әсер ете бастағанын айтады Ли Со Ион. Дұрыс тамақтанбау мен қалыпсыз әрі тоқтаусыз жаттығу алты ай немесе бір жылда армия қатарындағы барлық әйел әскерлердің физиологиялық әдеттерінің циклын бұзған. Тіпті кейбірінің етеккірі келмейтін болған.
Солтүстік Корея армиясында әйелдердің мұндай өзгеше физиологиялық жағдайларына мүлде көңіл бөлінбейтінін айтады куәгер. Тіпті қатардағы әйел жауынгерлерге физиологиялық әдеті кезінде пайдаланатын тазалық бұйымдарыда толық қарастырылмаған. Сондықтан, кейбір әледер армия қатарында өзінің етеккірінің келмей қалғанына қуанған.
2015 жылы Солтүстік Кореяда 18 жасқа толған барлық әйелдерге 7 жыл әскери міндет өтеу керек деген белгілеме шығарды. Ал ерлерге бұл елде әскери міндет 10 жыл деп белгіленген. Бұл қазір әлемдегі әскери міндеттегі ең ұзақ мерзім. Ресми мәліметтерге қарағанда елдің 15 пайыз шығымы армияға арналады. Бірақ, кейбір мәліметтерде бұл тіпті 40 пайызды құрауы мүмкін делінген.
Ли Со Ион секілді Солтүстік Корея армиясының қатарында болған Бэк пен Морильо қыздардың армия қатарында жыныстық зорлыққа көптеп ұшырайтынын да айтқан. Морильоның айтуынша, бұл туралы армия қатарындағы қыздар арасында әңгімелер болғанда, көбі дерлік өзгелердің басында болған жағдайды айтысады. Алайда, осындай зорлық-зомбылық істері өздерінің басында да болған дейді. Ли Со Ион да бұл жағдайды растайды. Ли Со Ион армия қатарынан шыққаннан кейін тұрмыстық қиындықтарға шыдамай, Оңтүстік Кореяға қашып кетуге бекінген. Бірақ, Қытай мен Солтүстік Корея шекарасында ұсталып, бір жыл түрмеге отырған.
Кейбір сарапшылардың айтуынша, Солтүстік Кореядан қашып шыққандардың берген мәліметінің бәріне сене беруге болмайтынын айтады. Себебі, олар берген мәліметтеріне ақша алу үшін кейбір жағдайларды асыра айтуы мүмкін екенін алға тартады. Дегенмен, BBC Ли Со Ионның бұл мәліметтер үшін ақша алудан бас тартқанын ескерткен.