Босниялық сербтердің командирі Ратко Младич 1990 жылдары Босния соғысында мұсылмандарға жасаған геноциді үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді. Гаагадағы БҰҰ трибунасы оны 11 айыптың 10-ы бойынша кінәлі деп тапты. Сараеводағы бейбіт тұрғындардың өлімі үшін "Босния қасапшысы" деген лақап ат алған 74 жастағы Ратко Младич сот төрағасына дауыс көтергені үшін отырыс залынан алыстатылды. 

Ратко Младич босниялық сербтердің босниялық хорваттар мен Босния әскеріне қарсы қақтығысында қолбасшы болған. Оны ісін халықаралық сот 2012 жылдан бері қарастырып келеді. Ратко Младич 1995 жылы Сребреницада 7 мыға жуық босниялық ер азаматтар мен балалар өлтірілген қанды оқиға үшін айыпталды. Бұл оқиға Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропа жерінде болған ең үлкен геноцид деп есептеледі.

Ратко Младичке тағылған және Соттың шешімімен расталған айыптардың қатарында босниялық әйелдерді жаппай зорлау, мұсылмандардың құлшылық орындары мен мешіттерді өртеу, Сараевода бейбіт халыққа қарсы терракт ұйымдастыру, тұтқындарды адам төзгісіз жағдайда ұстау, аштық, т.б. қылмыстар бар. Оның үкімін Сребреницаға жақын маңдағы қоғамдық орында геноцид құрбандарының жақындары жиналып, тыңдады. Соттың шешімі жарияланған кезде, олар қуана қоштап, айқайлады.

Ратко Младич 1995 жылғы қанды оқиғадан кейін жасырынып, полиция қылмыскерді 16 жыл бойы іздеген. Тек 2011 жылы ғана қолға түскен бұрынғы әскербасшы енді қалған өмірін абақтының ар жағында өткізеді.

“The Qazaq Times”