Қытай Президенті Ши Жинпиң АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесу барысында Тайуан (Тайвань) - АҚШ-Қытай қарым-қатынасының ең маңызды әрі сезімтал тұсы екенін атап өтті. Сондай-ақ Азиялық әріптес Дональд Трамптан Американың "Бір Қытай" жобасын қолдағанын құп көретінін жасырмады. Бұл туралы Reuters ақпараттық агенттігі жазды. 

Қытай Тайуанды өзінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырады және оны мемлекет ішіндегі бір аймақ статусынан артық "жеке мемлекет" есебінде көре алмайды. АҚШ-тың Тайуанмен ресми қарым-қатынастары болмағанымен, Америка Тынық мұхитындағы аралды қорғау туралы келісімге қол қойған және бұл елге қару-жарақтың негізгі тасымалдаушысы.

Дегенмен өткен жылы Тайуанның Президенті болып сайланған Цай Инвеньнің желтоқсан айында Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесуі Қытайға ұнаған жоқ. Өйткені бұл 1979 жылы АҚШ Президенті Джим Картер Тайуанды емес, Қытайды мойындау саясатына көшкеннен бері жасалған ең алғашқы телефон байланысы болды.

Ши Жинпиң Дональд Трампқа Американың "Бір Қытай" жобасын қолдап, мемлекеттің тұтастығы идеясына қарсы келмейтініне үміт артатынын айтты. Осыдан бұрын Тайуанның жаңа Президенті Қытаймен арадағы бейбітшілікті сақтағысы келетінін, дегенмен өз мемлекетінің тәуелсіздігі мен демократия орнату үшін күресетінін мәлімдеген еді.

Жуырда АҚШ Президенті Тайуан басшысының Тынық мұхитындағы өзге одақтастарымен кездесу үшін Гаваи мен Гуам арқылы транзитін қамтамасыз етіп берді. Бұл мәселе де Қытайдың шамына тигені рас. Бүгін келіссөздер АҚШ-тың "Қытайдың тұтастығы мен бірлігіне" қарсылығы жоқ екенін айтуымен аяқталды. Бірақ көзқарастардың келешекте қалай құбылатыны белгісіз.

“The Qazaq Times”