«Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының құрамында Тәжікстан төлқұжатымен соғысып келген Ресей қарулы күштерінің капитаны Тәжікстанға экстрадицияланды – деп хабарлайды Тәжікстан Қорғаныс министрлігі.

Қазан айының 20-сы күні Түркия құқық қорғау органдарының қызметкерлері Душанбе қаласына Ресей қарулы күштерінің капитаны, ғалым, «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының қатарында болған азаматты экстрадициялаған. Түркиядан Тәжікстанға экстрадицияланған 1983 жылы 18 желтоқсан күні РФ Краснодар қаласында дүниеге келген Денис Хисамов есімді азамат. Оның Ресейге емес Тәжікстанға экстрадициялануын ресми Анкара ұсталу барысында Хисамовтан Тәжікстан төлқұжатының табылуымен байланыстырған.

Тәжікстан Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Умаржон Эмомалидің сөзінше, Хисамов көп ұзамай Тәжікстаннан Ресейге экстрадицияланатын болады. Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, бұған дейінде «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының қатарында Тәжікстан төлқұжатымен соғысып жүрген азаматтар ұсталған. Өткен жылы Бішкек қаласындағы Қытай елшілігі мен Стамбұл қаласындағы түнгі клубтардың біріне лаңкестік шабуыл жасаған террористерден де Тәжікстан төлқұжаттары табылған. Тәжікстан құзырлы органдарының хабарлауынша, қазіргі таңда әлем бойынша 1100-ден астам тәжік азаматы террорлық ұйымдардың қатарында соғысып жүр.

“The Qazaq Times”