Испанияның Каталония аймағында басталған сепаратистік қозғалыс Италияда жалғасын тапты. Италияның солтүстіктегі экономикалық әлеуеті жоғары екі өңірі кеңейтілген автономияға қол жеткізуді қалайтындарын білдіріп, дауыс берді. Бұл туралы APF ақпаратық агенттігі жазды.
Өңір басшыларының айтуынша, жексенбі күні өткен референдумға қатысқан халықтың 90 пайызға жуығы автономия билігін кеңейтуге дауыс берген. Бұл шараның Италияның орталық билігі үшін заңды күші болмағанымен, халық арасында бұрыннан қалыптасқан "Солтүстіктің бай аудандары кедей оңтүстікті асырауды доғаруы керек" деген сепаратистік көңіл-күйдің Каталония оқиғасынан кейін жаңа сипат ала бастауы алаңдатарлық жағдай.
Бұл туралы Еуропа Парламентінің басшысы Антонио Таяни: "Еуропадағы негізгі ұлттардан өзге халықтардың мемлекеттен бөліну туралы идеяларының таралуына қарсы тұру керек. Сондықтан Еуропада ешкім Каталонияның тәуелсіздігін мойындамауы тиіс", - деп кесіп айтты.
Ломбардия өңірі жыл сайын Римге 54 млрд еуро, ал Венето 15,5 млрд еуро салық төлейді. Дегенмен олардың аймақтың қажеттіліктеріне алатын бюджеті аталған қаржыдан әлдеқайда аз. Енді қос өңір басшылары Орталық Үкіметтен жыл сайынғы қазынаға өткізілетін ақша көлемін екі есеге қысқартып, инфрақұырылым, денсаулық сақтау мен білім беру ісін жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстарын Римге жолдауға бекініп отыр. Сондай-ақ Ломбардия мен Венетодағы миграция мен қауіпсіздікті қадағалау тетіктерін өз қолдарына алуды қалайды.