Ирак үкіметі Күрд Автономиясының 25 қыркүйектегі заңсыз референдум өткізгеніне қарата жаңа шаралар қолдану шешімін қабылдап, Күрдістан билігін ығыстыра бастады. Бұл туралы «Анатолы» ақпарат агенттігінің ресми сайты хабарлады.

Жаңа шара бойынша Бағдат билігі күрд аймағының әкімшілігін Түркиямен жалғасатын мұнай құбыры желісінен шеттетіп тастауға тырысуда. Ол үшін Ирак үкіметі Түркияға жалғасатын мұнай құбырының  бағытын өзгертпек. Яғни, күрд аймағын баспай, Ирактың солтүстік-батыс шекарасымен түрік жеріне жалғасатын құбыр желісінен мұнай тасымалын арттырмақ.

Киркук-Жейхан деп аталатын мұнай құбырының желісі күрд аймағынан біршама алыс аумақпен түрік жеріне кіреді. Ирак үкіметі осы құбырмен өтетін мұнайдың мөлшерін арттырып, Күрдістанды Түркиямен жалғасатын мұнай желісіндегі ықпалын әлсіретуге тырысуда. Мәліметтерге қарағанда Бағдат жақ Киркук-Жейхан желісінен өтетін мұнайды күніне 400 мың баррельге дейін жеткізбек.

“The Qazaq Times”