Ирактың бұрынғы Президенті Жалал Талабани 84 жасында Германияда қайтыс болды. Ол - Саддам Хусейннен кейін 2005-2014 жылдар аралығында Иракты басқарған бірінші тегі араб емес, күрд саясаткері. Ирактағы Күрдістан автономиясы үшін белді көшбасшы саналатын Жалал Талабани денсаулығының күрт нашарлауына байланысты референдум өтерден бұрын Германияға ем алуға кеткен. Бұл туралы "Әл-Жазира" ақпараттық агенттігі жазды.
Жалал Талабани құрған "Күрдістанның Патриоттық Одағы" ресми түрде өз басшыларының қаза тапқанын хабарлады. Ол күрд халқының арасында "Жалал аға" деген атпен белгілі. Ирак саясаткерлерінің бірі Зана Сайд: "Жалал Талабани өлімі арабтар мен күрдтерді қатар қайғыртқан жалғыз азамат", - деп баға берді.
Өмірінің 40 жылға жуық уақытын Бағдадтың билігіне қарсы күреске арнаған Жалал Талабани Күрдістанның тәуелсіз мемлекет болуын ерекше қолдаған. Оның ажалынан аз бұрын 25 қыркүйек күні Ирактағы Күрдістан автономиясы тәуелсіздік үшін референдум өткізіп, 92,7 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Дегенмен Ирак Үкіметі референдум қорытындысын заңсыз деп тауып, мойындаудан бас тартты.
1933 жылы Қалқанның таулы өңірінде дүниеге келген саясаткер Бағдад университетінде заң мамандығы бойынша білім алған. Университет қабырғасында жүрген жылдары күрд студенттерінің одағы ұйымын құрғаны үшін қудалауға ұшыраған. Кейіннен Ирак әскеріне шақырылып, танк дивизиясын басқарған. Мемлекет басшысы қызметінде болған кезінде Жалал Талабани елдегі бөлініп кеткен фракцияларды біріктіруге көп күш салған.