Осы жылдың 15 қыркүйегінде Алматыда DEPO Evolution Park кешені ресми түрде ашылған болатын. Ал бүгін қала жастарының біразы бас қосып, лофт орталықтың қызметімен танысып қайтты.

Аталған лофт-орталық "Жастар жылы" аясында Алматы жастары үшін  арнайы ашылды деуге болады. Себебі мұнда алдағы уақыттан бастап мегаполис жастарына арналып түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады және қала жастары бас қосатын үлкен орталыққа айналмақ. Бастысы, орталық қызметі тегін.

DEPO Evolution Park жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, бұл жерді жастар ресми түрде келесі аптадан бастап пайдалана алады.

DEPO Evolution Park жетекшісі Елнұр Бейсенбаев (оң жақта) және Алматы жастары

"Бұл орталықтың құрылымы әлі де өзгеруі мүмкін. Мүмкін форматын өзгертетін шығарамыз. Түрлі клубтар ашылады. Кешен жастар үшін. Бұл жерде тікелей интелектуалды жұмыстар болады", - дейді Елнұр Бейсенбай.

Лофт орталық әзірге 5 қабаттан тұрады. Бірінші, екінші қабат коворкинг орталық болады. Мұнда әрбір азамат келіп, өздерінің орталықтарын құрып, осы жерде ашылатын тегін ағылшын курстарына қатыса алады. Үшінші қабатта жас суретшілердің клубы бар. Төртінші қабартта бүкіл қала бойынша жатақханалардың тәлімгерлікпен айналысатын орны, ауыл жастарымен жұмыс істеу орындары құрылады.

DEPO Evolution Park таныстырылымына жиналған жастар.

Бұл орталықтың ғимараты бұрын салынғандықтан тек жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған 60 млн теңгеден аса қаражат жұмсалған.

Сондай-ақ, Елнұр Бейсенбайдың сөзінше, алдағы уақытта орталық алаңының қалған 2 гектарына бұдан да үлкен лофт-орталық салынады. Оны іске қосу үшін 2 млрд теңгеден көп қаражат жұмсалуы мүмкін. Оның 1 млрд теңгесі мемлекет қаражаты болса, ал қалғаны демеушілер тарапынан берілмек.

Ал орталықтың таныстырылымына қатысқан журналист Руслан Желдібай "орталық жастар арасында  танымалдыққа ие болу керек" дегенді айтады.

Журналист Руслан Желдібай мен саясаттанушы Мақсат Жақау,

"Бұл орталық біріншіден тегін, екіншіден интернет бар. Мұны қолданбаудың өзі сын. Бұл орталықты меніңше, көп жастар білмейді. Сондықтан оны жақсылап таныстырып, қызметін көрсету керек. Арнайы роликтер дайындап, метро станцияларында, университет телеарналарында таныстырып, әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы жастармен тығыз байланыс орнату керек. Сондай-ақ, бұған жақсы менеджмент керек. Ірі-ірі шаралар өту қажет. Бұл жерде Share Knowledge деген идеяны неге жасамасқа?! Біз өз білімімізбен бөлісуіміз керек", - дейді ол.

Айта кетейік, DEPO Evolution Park Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен бұрынғы Депо трамвай паркінің аумағында ашылды.

“The Qazaq Times”