Солтүстік Кореяның Сыртқы Істер министрі АҚШ Президенті Дональд Трампты КХДР-ге қарсы "соғыс жариялады" деп айыптап, өз мемлекетінің әрекетін "қорғану мақсатындағы жасалған қадамдар" деп түсіндірді. Ри Йоң Хо (Ri Yong Ho) мырза соғыс қаупі жағдайында Солтүстік Корея қару қолдануға құқылы деп есептейді. Бұл туралы ВВС ақпараттық қызметі жазды.
Солтүстік Кореяның Сыртқы Істер министрі Нью-Йоркке БҰҰ сапарынан қайтар сәтте журналистерге берген сұхбатында: "Бүкіл әлем КХДР мемлекетіне қарсы соғысты алғаш болып Америка ашқанын есінде сақтауы керек" , - деп мәлімдеді. ВВС ақпараттық агенттігі Ли Ен Хо мырзаның бұл пікірі Дональд Трамптың өзінің твиттер парақшасында қалдырған "Егер Солтүстік Корея басшылығы дәл осы әрекетін жалғастыра берсе, жуырда олар мүлде болмауы мүмкін" деген жазбасына жауабы деп түйеді.
Ақ үй КХДР өкілінің жауабын "ақылға қонымсыз" деп қабылдады. Пентагон Пиоңяңға провокациялар жасамауға шақырып, қатаң ескерту жасады. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш аталған мәлімдеме үлкен түсініспеушілікке ұласуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.
Сондай-ақ, Солтүстік Кореяның Сыртқы Істер министрі: "АҚШ елімізге қарсы соғыс жариялағаннан кейін, оның әскери ұшақтары әуе кеңістігімізде жүрмесе де, біздің қарсыластың маңызды стратегиялық бомбылау нысандарын атқылауға құқығымыз бар", - деді. Ри Йоң Хо-ның (Ri Yong Ho) пікірі АҚШ-тың әуе күштері әскери жаттығу кезінде Солтүстік Корея шекарасына жақын аумақта ұшқан көрсетілім шарасынан кейін, араға екі күн салып, жарияланып отыр.
Қытайдың БҰҰ-дағы елшісі "Барлығының тынышталғанын қалаймыз. Жағдайдың ушыққанына ешкім де мүдделі емес, күннен күнге қорқыныш үдеп барады" деген пікір айтты.
Екі ел арасындағы күрмеуі қиын қатынастар тарихтағы ең үлкен "сөз соғысына" ұласқалы біраз уақыт болды. Барлық әлемнің қауіптеніп, қалт жібермей бақылап отырған дүниесі "сөз соғысы шынайы соғысқа айналып кетпейді ме?" деген қорқыныш болып отыр.