Иранның президенті Хасан Рухани өткен аптаның соңында хабарлама таратып, Иран баллистикалық зымыран бағдарламалары мен басқа мүмкіндіктерді дамытуды жалғастыра беретінін айтты. Бұл Иран жақтың АҚШ тарабынан айтылған сын-пікірлерді елемегенін, сонымен бірге екі ел арасындағы шиеленістің арта түсетінін білдіреді. Сондай-ақ, әскери күштердің соңғы белгілерін де айғақтап отыр. Бұл туралы "The Wall Street Journal" басылымы жазған еді.
Иран мемлекеттік телеарнасының таратқан хабарына қарағанда, Иран жаңа баллистикалық зымыранды ұшырған. Теһранда (Тегеран) болып өткен Иран-Ирак соғысын еске түсіруге арналған әскери парадта Иранның өзге де жаңа баллистикалық зымырандары, танктер мен су асты соғыс кемелері көрсетілді.
Парад басталардан бұрын Рухани сөз сөйлеп, сыртқы елдердің наразылықтарына қарамастан Иран өзінің қорғаныс қуатын барынша арттыратынын, себебі елдің өзін өзі қорғауы қабілетінің қажет екенін айтты. Ол сөзінде: «Бұл аталған қорғаныс қабілеті дегеніміз бір ғана баллистикалық зымыранда ғана емес, Иран қарулы күштерінің суда, құрлықта, әуеде болсын қорғаныс қабілетін арттыруы болып табылады. Иран өзінің халқын қорғау үшін ешкімнен рұқсат сұрамайды», – деді.
Рухани сөзінде: «Иран Йеменнің, Сүрия және Палестинаның зұлымдыққа ұшыраған халқын қорғайды. Бұл Иранның аймақтағы туындаған қандай да бір оқиғаларға қатысуынан бас тартпайтынын түсіндіреді. Бұл және АҚШ пен оның одақтастары арасындағы Иранның басты қайшылықтарының бірі болып келеді», - деді. АҚШ пен Иран басшыларының соңғы қадамдары екі ел арасында туындағалы тұрған жаңа қайшылықтар мен шиеленістердің сақтық дабылын қағып отыр. Кереғар жасалып жатқан қадамдар Орта-Шығыста жаңа қайшылықты барлыққа келтірмек.