Қырғызстанның Ош облысында президенттікке үміткер Өмірбек Бабановтың жақтастарына қысым көрсетілуде – деп хабарлайды centre1.com ақпарат көзі.
Ақпарат көзінің мәліметінше, Ош облысындағы Өмірбек Бабановтың жақтастарына жергілікті құқық қорғау органдары мен қылмыс әлемінің өкілдері қысым көрсетуде. Полиция қызметкерлері Ош қаласындағы Бабанов сайлау штабының қызметкерлерінің аты-жөнін біліп алып, оларға жұмыс орындарының басшылары арқылы қысым көрсеткен. Ал студенттерді «Бабановпен кездесуге барса оқудан шығарамыз» деп қорқытқан.
Осыдан бірнеше күн бұрын Бабанов Ош облысына өзінің «Алға бастар жол» атты президенттік бағдарламасын таныстыруға барған. Ол Ош халқының алдында сөйлеген сөзінде президент болып сайланса ел бойынша жалақыны екі есеге көбейтетінін, жемқорлықпен күресетінін және көрші мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнататынын айтқан.
Қазіргі таңда Өмірбек Бабанов Қырғызстандағы президент сайлауында қазіргі ел президенті Алмазбек Атамбаевтың партияласы Сооронбай Жээнбековтың басты қарсыластарының бірі. Көптеген сарапшылардың сөзінше, Бабановтың 15 қазанда өтетін президент сайлауында жеңіске жетуге барлық мүмкіндіктері бар. Оның қаржы ресурсы мен саяси бағдарламасы бұл жолғы сайлауда өзге кандидаттармен салыстырғанда жоғары тұр.
Естеріңізге сала кетейік, дәл осы Өмірбек Бабанов Алматы қаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеннен кейін, Қырғызстан билігі Қазақстанға қарсылық нотасын жіберген болатын. Жіберген нота бойынша ресми Бішкек Нұрсұлтан Назарбаевтың Өмірбек Бабановпен кездесуін «Қырғызстанның ішкі істеріне араласу» деп бағалаған. Кейіннен Қазақстан СІМ Қырғызстан биілігінің бұл кездесуге осындай дәрежеде наразылық білдіруін түсінбейтінін айтып, жауап нотасын жіберген болатын.