Дүйсенбі күні болып өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде, Солтүстік Кореяны жан-жақты қыспаққа алуға бағытталған жаңа санкция бір ауыздан мақұлданды. Осыған дейін "Қытай мен Ресей тарабы бұған қарсылық көрсетеді" дегенмен, олар да жобаны қолдап дауыс берген. Бұл туралы танымал басылым «The Wall Street Journal» өзінің ресми сайтында жазды.
Құрама Штат өзінің ең алғашқы қатаң жобасын ортаға салмады. Өйткені АҚШ Солтүстік Кореяға қаратқан бастапқы жобасында мұнай тасымалына эмбарго қою, Солтүстік Корея басшысының шетелдегі барлық активтерін мұздату туралы жобаларды жасаған еді. Құрама Штаттың БҰҰ-дағы ресми өкілі Никки Хейли: «Жоба қабылданғаннан кейін, Солтүстік Кореяның қолжетімді жанармайы 30 пайызға қысқарады. Сонымен бірге, әлемдегі бірде бір ел ядролық қаруға ие Солтүстік Кореяны қабылдамайтын болады. Санкциялардың бұл жобасы аталған елге ауыр соққы болады», – деді.
Белгілі болғандай, жаңа санкциялардың шешімі Солтүстік Кореяның тоқыма саудасына эмбарго тудырады. Сондай-ақ, Қауіпсіздік кеңеске мүше елдерден Солтүстік Кореяның кемелерін ортақ бақылауға алу талап етіледі. Бірақ, бұл Солтүстік Корея кемелеріне әскери күш қолдану дегенді білдірмейді. Жаңа санкция жобасында КХДР еңбек күштерінің сыртқа шығуына да шектеулер қойылмақ. Себебі, сыртқа шыққан жұмыскерлері Солтүстік Кореяға жылына 1 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс әкеледі екен. Қарардың алғашқы нұсқасының жобасы басқа елдерге Солтүстік Кореялық еңбек күштерін еліне кіргізуге тыйым салуды ұсынған. Дегенмен, соңғы жобада "егер қажет болғанда басқа елдерге солтүстік кореялық жұмыскерлерді кіргізуге болады" делінген.