Қыркүйектің 9-ы күні Бақытжан Сағынтаевтың Қазақстан Республикасының премьер-министрі болып тағайындалғанына бір жыл толады. Ол 2016 жылдың 9 қыркүйегінде тәуелсіз Қазақстанның 9-шы премьер-министрі болып сайланған болатын. Қалың көпшілік тоғызыншы айдың тоғызы күні тоғызыншы премьер болып тағайындалған Сағынтаевтан үлкен үміт күткен еді. Ол осы уақыт аралығында не тындырды? Ел үмітін қаншалықты ақтады? Бұған дейін Қазақстан үкіметін кімдер басқарды? Қазақстанда ең ұзақ уақыт премьер креслосында отырған кім? Бүгін біз осы және өзгеде сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.
Қазақстан Республикасының ең алғашқы премьер-министрі болып 1991 жылы 10 желтоқсан күні Сергей Терещенко тағайындалды. Ол бұл қызметте 1994 жылға дейін отырды. Терещенко кеңестер одағынан қалған мемлекеттің иелігіндегі дүниелерді жекешелендіруге ат салысқан премьерлердің алғашқысы. Ол 1994 жылдан бері үлкен саясатпен қош айтысқан. Қазіргі таңда Сергей Терещенко ауыл шаруашылығымен айналысады. Оның Ақмола, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында ауыл шаруашылығына арналған жер телімдері мен «Банк Центр Кредит», «Интеграция Россия», «Рахат» сынды ондаған компанияларда үлесі бар. Ұзын сөздің қысқасы Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі Сергей Терещенко мырза қазір жаман жағдайда өмір сүрмейді.
Терещенкодан кейін ел үкіметінің тізгінін 1994-1997 жылдары аралығында оппозициялық саясаткер Әкежан Қажыгелдин ұстады. Ол премьер-министр кабинетінде үш-ақ жыл отырды. 1998 жылдың наурыз айында ол Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болып тағайындалды. Бірақ бұл жерде де ол көп аялдамай 1998 жылдың күзінде президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынды. Ал 1999 жылы баррикаданың арғы бетіне өтіп кеткен Қажыгелдинге ел үкіметі халықаралық іздеу жариялады. 2001 жылы 6 қыркүйек күні ҚР Жоғарғы сотының соты Бектас Бекназаров Әкежан Қажыгелдинді сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырды. Қажыгелдин қазақ даласында сотталған ең алғашқы премьер-министр болды. Бұдан бөлек ол елінен қуылып, сырттай 10 жылға сотталғанмен, Еуропарламенттен «Бостандық төлқұжатын» алған тұңғыш қазақстандық ретінде де ел тарихында қалды.
Елден қуылған Әкежан Қажыгелдиннің орынына 1997 жылдың 10 қазанында Нұрлан Балғынбаев отырды. Бірақ ол да бұл қызметте ұзақ тұрақтамады. 1999 жылдың 1 қазанында қызметінен босатылып, «Қазақ ойл» компаниясының президенті болып тағайындалды. 2002 жылы «Қазақ ойл» мен «Мұнай және газ тасымалы» компанияларының біріктіріліп, «ҚазМұнайГаз» компаниясының құрылуы салдарынан Балғынбаев біраз уақыт жұмыссыз қалды. Осыдан кейін ол Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған қызметтерінен бас тартып, «Қазақ ойл» сияқты өзінің жекеменшік мұнай компаниясын құратыны жайында мәлімдеме жасады. 2002-2007 жылдары аралығында «Қазақстан мұнай инвестиция компаниясының» президенті, 2007 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2015 жылдың қазан айында тәуелсіз Қазақстанның үшінші премьер-министрі Нұрлан Балғынбаев ауырып қайтыс болды. Дәл осы жылы ол Forbes Kazahstan журналының жариялаған рейтингі бойынша Қазақстанның 50 бай адамының ішінде 23 орынға жайғасқан еді.
Балғынбаевтан кейін 1999 жылы премьер креслосына қазіргі уақыттағы Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев отырды. Ол премьер-министрлікке дейін де, одан кейін де көптеген қызметтер атқарды. Атап айтқанда 2002-2007 жылдар аралығында сыртқы істер министрі, 2007-2011 жылдары Парламент сенатының төрағасы болды. Бір сөзбен айтқанда ол әлі күнге дейін үлкен саясаттың ортасында жүр және осы уақытқа дейін Балғынбаев сынды Назарбаев ұсынған қызметтен бас тартып көрген жоқ.
2002 жылы премьер-министр болып халық арасында үлкен құрметке ие Иманғали Тасмағанбетов тағайындалды. Бірақ ол бұл қызметте бір-ақ жыл отырды. 2003 жылы бұл орынға қазіргі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов келді. Бірақ бұл жерде Ахметовтың премьер немесе қорғаныс министрі болып атқарған қызметтерінен қарағанда, оның миллиондаған доллар қаржысы бар ұлы Талғат Ахметовтың өмірі қызығырақ. Өйткені ол Forbes Kazahstan журналының 2017 жылғы рейтингі бойынша Қазақстанның ең жас миллионері атағына ие болған. Небәрі 31 жастағы Даниал Ахметовтың ерке ұлының қазіргі қаржысы 145 миллион долларды құрайды.
Ал егемен елдің жетінші премьер-министрі болып 2007 жылы қазіргі ҰҚК-ның (КНБ) басшысы Кәрім Мәсімов сайланды. Ол премьер креслосында 2012 жылға дейін отырды. Оның кезінде теңге құнсызданып, елде дағдарыс шарықтау шегіне жетті. Көпшілік жұрт Мәсімов премьер болғанда оны бұл орында ұзақ уақыт отырмайды деп болжады. Бірақ қалың бұқараның бұл болжамы мүлде қате болып шықты. Ол премьер болып бірді қойып екі мәрте тағайындалды.
Кәрім Мәсімовтен кейін және оған дейін тағы бір атышулы саясаткер Серік Ахметов үкімет басшысы болып сайланды. Серік Ахметов 2012 жылы қыркүйектің 24 күні Мәсімовтен кейін премьер кабинетіне жайғасты. Ол премьер-министр болғаннан бұрын ел жадында сотталуымен көбірек есте қалды. Қыруар қаржы жымқырды деген айыппен 10 жылға сотталған Ахметов, биыл қыркүйектің 21-і күні бостандыққа шығады деп күтілуде. Серік Ахметовтың сотталуымен ел ішінде "түрмеде де бір үкімет жасақталып қалды" деген әзіл-шындығы аралас әңгіме тарағаны белгілі. Енді оның бостандыққа шыққанын түрмедегі үкіметтің отставкаға кеткеніне балауға әбден болады.
2014 жылы атышулы Ахметов премьерліктен кеткеннен кейін үкімет басына сол баяғы президенттің сенімді сарбазы Кәрім Мәсімов қайтып оралды. Бірақ оның бұл жолғы оралуы ұзаққа бармады. Екі жылдан кейін президент оны ҰҚК басшысы етіп тағайындады. Мәсімовтың премьерліктен ерте кетуін батыс басылымдары оның үстінен Францияда қылмыстық іс қозғалуымен байланыстырды. Батыс БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Мәсімов шетелдік әуе кемелерін өндіретін компаниядан Қазақстанға тік ұшақтарын сатқаны үшін 12 миллион доллар көлемінде пара алған. Бірақ бұл ақпарат ресми расталмаған және оған Кәрім Мәсімовтың өзі де ешқандай пікір білдірмеген.
Кәрім Мәсімовтың қысқа мерзімдегі басшылығынан кейін үкімет басына қазіргі премьер-министр Бақытжан Сағынтаев келді. Оның тағайындалуынан халық үлкен үміт күтті. Бірақ Сағынтаев келгеннен үкімет жұмысы өзгеріп кеткен жоқ. Жыл сайынғы көктем-күздегі жанармай қымбаттауы, білім саласындағы былық, жер сату жөніндегі дау барлығы-барлығы бәз баяғы қалпында қалды. Бір сөзбен айтқанда сағынтып жеткен Сағынтаев ел үкіметіне ауыз толтырып айтатындай өзгеріс алып келген жоқ, "баяғы жартас сол жатас". Бірақ оны да бұлай жазғыра беруге болмас, әрине. Өйткені премьері ауысса да Президенті ауыспайтын ел үкіметіне өзгеріс алып келу өте қиын.
Қорыта келгенде Сергей Терещенкодан бастап, Бақытжан Сағынтаевқа дейінгі премьер-министрлер үкіметтің дамуына белгілі бір дәрежеде үлес қосқаны анық. Бірақ олар осы уақытқа дейін өздігінен бастама көтеріп, белсенділік танытқан жоқ. Бас шұлғып, орындаушылық міндеттен әрі аспайтын премьерлер тізімінде қуғындағы саясаткер Әкежан Қажыгелдиннің жоқ екені белгілі. Бірақ қалған сегіздік өздерін президенттің сенімді сарбаздары санағанымен осы күнге дейін халық сенімін ақтай алды ма, жоқ па ол үлкен сұрақ.