Мьянма армиясының қырғынынан қашқан Рохинджа мұсылмандары Бангладеште үлкен дағдарыс туғызды. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, 5 қыркүйекте 24 сағат ішінде Мьянмадан Бангладешке қашып келген босқындар саны 35 мыңнан асып кеткен. Бұл туралы BBC-дің онлайн қызметі хабарлап отыр.
Бангладештің премьер-министрі әлем басшыларына және БҰҰ-ға мәлімдеме жолдап, Мьянма үкіметіне он мыңдаған Рохинджа мұсылмандарын қайтарып алуға қысым түсіруін талап еткен. Себебі ол Бангладештің бірден мұншалықты көп босқындарға пана бола алмайтынын, неше он мыңдаған адамға баспана әзірлеп бере алмайтынын мәлімдеген.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, Азиядағы көптеген мұсылман елдері Мьянма қарулы күштерінің ондағы мұсылмандарға бағыттаған қырғыншылығына күшті қарсылықтар жариялауда. Біріккен Ұлттар Ұйымының Мьянмадағы өкілі Яңхи Ли Мьянма басшысы, Нобель Бейбітшілік сыйлығының лауреаты Аун Сан Су Чиді Рохинджа мұсылмандарын қорғап қалмағаны үшін ауыр сынға алған.
Естеріңізге сала кетейік, бір апта бұрын Рохинджаның шағын топтары ондағы полиция бөлімшелеріне жасаған шабуылынан кейін, Мьянма армиясы Ракхайн аймағында әскери әрекеттерді бастады. Қарулы күші арқылы жасалған зорлық-зомбылықтан шамамен 73 мың адам мекендерін тастап, қоныс аударып кеткен.