АҚШ-тағы «The Wall Street Journal» басылымының онлайн қызметінің хабарлауынша, Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыраны бүгін таңда (Астана уақытымен шамамен 02:00 шамасында) Жапон аралының кеңістігінен ұшып өткен соң, бірнеше сағаттан кейін, Жапония премьер-министрі Шинзо Абе (Shinzo Abe) АҚШ президенті Дональд Трампқа қоңырау шалған. Екі елдің басшылары осы мәселе туралы 40 минут мөлшерінде кеңескен.
Сөйлесуден кейін Жапония премьер-министрі баспасөз мәжілісін өткізген. Мәлімдемеден белгілі болғандай, Трамп пен Абе сөйлесу кезінде АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және өзге мемлекеттермен келісе отырып, Солтүстік Кореяға бағытталатын қысымды одан сайын арттыра түсуге келіскен.
Жапон бас уәзірінің сөзіне қарағанда, АҚШ президенті Жапонияның қауіпсіздігін қорғауға кепілдік берген. Айта кетейік, Солтүстік Кореяның бүгінгі ұшырған баллистикалық зымыраны 2700 шақырымға ұшып, Жапонияның Хоккайдо үлкен аралының кеңістігінен ұшып өткен. Корей түбегінен көтерілген зымыран бір сағаттан кейін Жапон аралдарының кеңістігінде болғаны хабарланған.