КХДР «Орталық Ақпарат» агенттігінің хабарына қарағанда, Солтүстік Кореяның ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын) Солтүстік Кореяның Ғылыми зерттеу және химиялық материалдар институтын аралап тексерген. Ол тексеруінен кейін зымыран қозғалтқыштар мен зымырандардың өндірісін арттыруды міндеттеген. Бұл туралы «Шинлаң» ақпараттық сайты хабарлап отыр.

Солтүстік Кореяның аталған зерттеу институты сол елдің баллистикалық зымырандарды дамыту бағдарламасында маңызды саналады. Айталық, бұл орын зымырандардың температураға төзімді материалдарын зерттеу және өндіруге жауапты.  Сонымен бірге, зымыран қозғалтқыштың реактивті материалы және басқа да химиялық материалдарын дайындау міндеті бар. Үкімет жағынан бұл институт КХДР баллистикалық зымырандарды дамыту бағдарламасына теңдессіз үлес қосқан деп бағаланған.

Ким Жоң Ун зерттеу институтында. Фото: 新浪新闻中心.

Ким Жоң Ун құрлықаралық баллистикалық зымыран және реактивті қозғалтқыштарды өндіру процесін тексеріп шығып, соңында өндірісті бұдан да жоғары деңгейге дамытуға тапсырма берген. Ол сөзінде: «Институт әзірлеген зерттеу материалдары арқылы, біз бірнеше реткі зымыран сынағы кезінде, зымырандарымыздың атмосфера қабатына қайтып оралғандағы жоғары температураға төзімді екенін дәлелдей алдық. Бұл біздің ұлттық қорғанысымызға зор үлес қосқан маңызды жетістік деп бағалаймын. Алдағы уақытта өндіріс көлемін бұдан да арттыруға тапсырма беремін. Баллистикалық зымыран қозғалтқыштары мен қозғалтқыш отындарды өндіруді жаппай арттыру керек», – деді.

“The Qazaq Times”