АҚШ Президенті Дональд Трамп Венесуэлаға әскери интервенция жасайтынын мәлімдеді. "Венесуэлада бейбіт тұрғындар жазықсыз көз жұмып, дағдарыстың ащы дәмін татып жатыр. АҚШ осы әділетсіздікті тоқтату үшін Венесуэлаға қарсы бірқатар шаралар қарастырды. Оның ішінде әскери интервенция да бар", - деді ол. Бұл туралы Reuters ақпараттық агенттігі жазды.
Венесуэла билігінің елде орын алып жатқан халық наразылығын ескерместен, өз мүддесіне әрекет етіп отырғаны, демократиялық принциптерді бұзғаны үшін АҚШ Үкіметі Венесуэланың бірқатар азаматтары мен ұйымдарына қарсы санкциялар салған болатын. Дегенмен саяси тұлғалардың жеке активтерінің бұғатталуы да, Венесуэладағы энергетикалық компаниялардың қызметіне экономикалық шектеу орнату туралы мәлімдемелер де Николас Мадуро Үкіметін өз дегендерінен қайтара алған жоқ. Сондықтан АҚШ Венесуэлаға әскерін кіргізу арқылы келесі қадамға баруы мүмкін.
Өз кезегінде Венесуэланың Қорғаныс министрі Владимир Падрино АҚШ-тың бұл әрекетін "ақымақтық" деп атады.
Ақ үйдің берген ақпаратына сәйкес, Венесуэла Президенті Николас Мадуро жұма күні Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесуге ниет білдіргенімен, Америка басшысы "Венесуэлада демократия қайта орнаған кезде ғана Мадуромен қуана-қуана сөйлесемін", - деп кесіп айтқан.
Венесуэланың белді тұлғалары осыдан алдын да АҚШ-тың әскери күш пайдалануы мүмкін деген пікір білдірген. Венесуэланың бұрынғы министрлерінің бірі Reuters ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында, "Жағалауға жақын маңда АҚШ өзінің зениттік зымырандарын орнатып жатыр" деп хабарлаған еді.