Араб елдері Катардан дипломатиялық қатынасын үзіп, Катар дағдарысын орнатқалы бері, Катардың дипломатиялық дағдарысы өңірдің басты қайшылықтарының біріне айналған еді. Жақында Катар әмірлігі жаңа қадамға жасап, дипломатиялық дағдарыстан шығудың жаңа жолын қарастырды. "Шинхуа" агенттігінің хабарына қарағанда Катар мемлекеті әлемнің  80 еліне визасыз режимді жеңілдететінін мәлімдеген. Азаматтары Катарға визасыз бара алатын елдердің қатарында Қазақстан да бар.

Катар әмірлігінің шешімімен, аталған 80 мемлекеттік ішінде Қазақстанды қамтыған, 50-ге жуық елдің азаматтары Катарда визасыз 30 күн тұра алады және елде тұру уақытын қосымша 30 күнге ұзарта алады. Ал, Германия, Түркия, Франция сынды 33 мемлекеттің азаматтары Катар елінде визасыз режиммен 180 күн болады, сондай-ақ виза мерзімін қосымша 90 күнге ұзарта алады.

Катар мемлекеті осындай қадам жасау арқылы араб елдерінің өздеріне таққан айыбының орынсыз екенін дәлелдемек.

Елдің туризм департаментінің басшысы Хасан Аль Ибрахимнің айтуынша, Доха елдің тарихы мен мәдениетіне қызығушығы бар шетелдік туристерді әрқашан қуана қарсы алады.

Айта кетейік, маусым айында Біріккен Араб әмірлігі, Бахрейн, Египет және Сауд Арабиясы Катармен арадағы дипломатиялық қатынастың үзілгенін мәлімдеген. Олардың айтуынша, Катар лаңкестік, экстремистік және конфессияаралық топтарды қолдап, қаржыландырып отыр.

"The Qazaq Times"