Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың жиені Джамшуд Кәрімов әлі күнге дейін төлқұжатын ала алмай жүр.
«2006 жылы мен Швецияға кетуге байланысты құжаттарымды жинап жүргенде билік менің төлқұжатымды тартып алып, өзімді психиатриялық емханаға жауып тастаған болатын. Сол уақыттан бері мен төлқұжатсыз жүрмін. Қызым президент Шавкат Мирзиеевтың виртуалды қабылдауына бірнеше рет төлқұжат алуымызға көмектесулерін сұрап хат жолдаған. Бірақ оған ешкім жауап бермеді. Қазір мен төлқұжатымның жоқ болуы салдарынан не жұмысқа тұра алмаймын, не тиісті жәрдемақымды ала алмаймын. Кәрімов билігі 2006 жылы маған шизофрения деген жалған диагноз қойып, еріксіз түрде мені психиатриялық емханаға қамаған болатын. Содан бері мен Кәрімов салған абақтыда 10 жыл 5 ай отырдым. Шынымды айтсам ағамның өлімі мен үшін үлкен сыйлық болды. Өйткені менің бостандыққа шығуымның басты себебі сол» - деді Джамшуд Кәрімов «Озодлик» журналистеріне берген сұхбатында.
Естеріңізге салайық, Джамшуд Кәрімов 2006 жылға дейін халықаралық «Ферғана», «Арена», Uznews.net басылымдарында жұмыс істеген. Оны билікті сынағаны үшін 2006 жылы қыркүйек айында Самарқанд қаласының соты «шизафриниямен ауырады» деп шешім шығарып, психиатриялық емханаға жіберген болатын.