Ресейде туу көрсеткіші төмендеп келеді. 2016 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында 762,5 мың сәби дүниеге келсе, 2017 жылы дәл осы уақыт аралығындағы туылған балалардың саны 679,2 мыңды құрап, 11 пайызға төмендеген. Бұл туралы BBC ақпараттық агенттігі жазады.
Сарапшылар бұл кері құбылысты халық арасында әлеуметтік жағдайдың төмендігінен бала тууға деген ынтаның төмендеуі мен жас әйелдердің саны қысқаруымен байланыстырады.
Ресейдің Статистика комитетінің сарапшысы Алексей Ракша: "Елдегі туу көрсеткіші 2015 жылдан бастап күрт төмендей бастады. Болашақта жыл сайын дүниеге келетін сәбилердің саны азая беретін болады", - деген болжам жасайды.
Ресми деректерге сүйенсек, Ресейдегі 20 жастағы әйелдердің саны 30-дағы әйелдерден екі есе аз. Сондықтан демографиялық қиындықтар бұл 2031 жылға дейін жалғасуы мүмкін.
"Халық санының азаю процесіне оң әсер ету үшін Ресейге алдағы уақытта 9-15 млн аралығында мигранттарды қабылдау керек", - дейді мамандар.