Өзбекстанда Бұқара қаласының орталық көшелерінің біріне Ислам Кәрімовтың аты берілді.

Ислам Кәрімовтың аты жазылған тақтайшалар Бұқара қаласының орталық көшесіне шілде айының ортасында қойыла бастаған. Бұқара орталығынан Кәрімовтың атына көше беруге байланысты құжатты қаңтардың 29-ы күні ел президенті Шавкат Мирзиеевтің шешімі бойынша қала әкімі Уктам Барноев қабылдаған.

Бұқара қаласының орталық көшелерінің біріне Ислам Кәрімовтың атын беруді Шавкат Мирзиеев наурыз айында Бұқара облысына іссапармен келгенде ұсынған. Ол Кәрімов көшесі атына заты сай болуы керектігін айтып, қала басшылығына тиісті тапсырмалар берген.

Осыған байланысты шаһар әкімшілігі Кәрімов көшесін ұзарту мақсатында «Дилькушо» базарын бұзып тастаған. Нәтижесінде 600-ден астам кәсіпкер жұмыссыз қалып, ел билігіне мәселені шешулерін сұрап ашық хат жолаған.

Фото: centre1

Бұқара қаласы әкімшілігінің мәліметінше, жақын күндері облыс әкім осы мәселе бойынша халықпен кездесу өткізетін болады.

Естеріңізге салайық, жақында Қазақстанда да бұған дейін азаматтық белсенділігімен еш жерде көзге түспеген Думан Базарбеков есімді заңгер Алматы қаласындағы Фурманов көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру керек деп қала әкіміне хат жазған еді. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек мырза заңгердің өтінішіне қандай жауап беретінін алдағы 10 күн ішінде білетін боламыз.

“The Qazaq Times”