Елдің Конституциясына өзгеріс енгізуді ортаға қойғаннан кейін АҚШ Венесуэлаға қысымды арттырды. Өткен аптаның соңында Венесуэлада өткен Конституциялық ассамблея сайлау заңдылығын әлемнің көптеген елдері мойындамай шықты. Латын Америкасындағы елдер, Мексика, АҚШ және Еуропа елдері де қарсы болса да, президент Николас Мадуро алған бетінен қайтар емес. АҚШ және Еуропа елдері оны дара билікке ұмтылды деп айыптады.

«Түрік Теле-Радио» қызметінің берген хабарына қарағанда, Николас Мадуроға АҚШ санкция жариялап үлгерген. АҚШ Қазына департаменті оның АҚШ-тағы барлық иеліктеріне шектеу қойып отыр. Алдағы уақытта Канада, Мексика, Бразилия, Аргентина тағы басқа Латын Америкасы мен Еуропа елдері де санкция жариялап, экономика мен дипломатиялық қос ноқтаны бірдей салар болса, санкция қысымында қалған Венесуэла президенті Николас Мадуро өзінің Азиядағы жақтастарынан қолдау сұрауы мүмкін.

Әзірге дейін Венесуэланы табанды түрде жақтап тұрған Ресей деуге болады. Дүйсенбі күні Мәскеу ең алғашқылардың бірі болып, Конституциялық өзгерісті қолдайтындарын жариялады. Әрі оның заңдылығына шек келтіріп, қолдамай жатқандарды, бұл елге қарата экономикалық қысымды күшейткелі жатқан елдерді айыптады.

BBC арнасының сараптауынша Мәскеу саяси жақтан қолдау көрсеткенімен, Венесуэланың қазіргі қиыншылығы үшін оған қаржылай қолдау көбірек керек. Алайда, Ресей өзінің қаржысын кешірумен шектелуі мүмкін деген болжам айтады. Ал, Қытайда Каракастағы қарызының аз бөлегін кешіргенімен, Мадуроға қарсы топтармен де байланыс орнатып, қаржысын өндіріп алуға тырысқаны байқалады. Бұл майданда Қытай өз мүддесін баса жақтап отыр.

Бұл екеуінен гөрі экономикалық көмек Үндістаннан келуі мүмкін. Себебі, Иран мұнай экспорты қайталай іске қосылғанымен Үндістан әлі де Венесуэла мұнайын тасымалдап отыр. Оның өзі сол елдің көп жыртығын жамап келеді. Алыстағы туыстан жақындағы көрші артық демекші өңірдегі жақтастарының қатары кемісе Венесуэланың күні қиындай түскелі тұр.

“The Qazaq Times”