Германия Еуроодақты Қырымдағы Siemens турбиналарына қатысты болған дауға байланысты Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуге шақырды. Сонымен қатар осы сәрсенбіде Еурокомиссия АҚШ-тың Ресейге салған санкцияларына қарсы әрекет жоспарын талқылайтын жиын өткізгелі отыр.

Осы тұста BBC журналистерінің Еуроодақтың ұстанып отырған саясатына қатысты тәуелсіз сарапшылардан жинаған пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Неміс журналисі Александр Рар:

«Еуроодақтың АҚШ санкцияларымен келіспейтін себебі, оның енгізілу себебі мен саяси астарының Германияға да, өзге Еуропа мемлекеттеріне де қатысы жоқ. АҚШ Ресейге қарсы қатаң шараларды өздерінде өткен сайлау қорытындысын өзгертіп, елдің ішкі ісіне қол сұқты деген айыпқа еріп, қабылдап отыр. Екінші тараптан, Батыс елдері Ресейге еркіндік беріп, санкциялардан толықтай бас тартуды өз беделдеріне сын көреді. Сондықтан Германия жаңа жеңіл санкциялар ұсынып отыр. Бұл шектеулер Ресей экономикасына қатты кері әсерін тигізбейді, өйткені Еуропаның газ секторындағы әріптестікті тоқтатпауы, олардың Мәскеумен экономикалық байланыстарды біржола үзуге мүдделі еместіктерін білдіреді».

Тәуелсіз сарапшы Юрий Федоров:

«Еуропаның Ресейге қарсы енгізіп отырған жаңа шектеулеріне негіз бар. Дауға
айналған Siemens турбиналары Қырымға мүлде кіргізілмеу керек болатын. Ал
АҚШ-тың әрекетін қолдамауына келсек, жаңа қатаңдатылған экономикалық
санкциялар Ресейге ғана емес, үшінші елдердің, оның ішінде еуропалық бірқатар компанияларға әсер еткелі тұр».

Schneider Group компаниясының негізін салушы Ульф Шнайдер:

«Мен экономикалық санкцияларды мүлде қолдамаймын. Дегенмен Германия
екұшты әрекетін түсінетін сияқтымын. АҚШ жаңа санкциялары «Солтүстік
ағыс – 2» (Северный поток - 2) жобасын тоқтатуға бағытталған болуы мүмкін.
Егер солай болса, онда бұл жерде Еуропа да біраз зардап шегеді».

“The Qazaq Times”