Алакөл курорттық аумағы үшін көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында Үшарал қаласында әуежай ашылды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық жолаушы көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е. Жасыбаевтың айтуынша, əуежайдың құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, құрылысын «ASD Group» ЖШС мердігер мекемесі жүргізген. Мұнда «Жетісу» авиакомпаниясы қызмет көрсетеді.
Енді Үшарал әуежайы аптасына төрт рет «Астана-Үшарал-Астана» және үш рет «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағытындағы әуе рейстерін қабылдайтын болады. Бұл рейстерді субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 177,2 млн теңге қаржы бөлінді. Астанадан ұшатын рейстің құны - 16 мың теңге, Талдықорған рейсі - 8 мың теңге.
Жалпы, Алакөл маңында туризм бағыты бойынша 162 нысан қызмет көрсетеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2014 жылы 200 млн теңге, 2015 жылы 352 млн теңге бөлінді.
2016 жылы Алакөлде 452 мыңнан астам адам демалса, биылғы жылы 500 мыңнан астам келеді деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, Алакөл курорттық аумағының туристер үшін потенциалы жоғары екенін премьер-министр Бақытжан Сағынтаев айтқан. Дегенмен қазіргі уақытта Алакөлге демалуға барушылардың көпшілігі инфрақұрылымның әлі де дұрыс жолға қойылмағанын айтады.