Интерпол іздеуде жүрген азаматтар тізімінен БТА банктің бұрынғы басшысы, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілазовты алып тастады.

Әбілазовтың қорғаушысы Питер Саластың айтуынша, Интерполдың Әбілазовтың үстінен «қызыл хабарлама» белгісін алып тастап, іздеуде жүрген азаматтар тізімінен шығаруы, оның еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.

Интерполдың «қызыл хабарлама» белгісі Интерполға мүше елдердің құқық қорғау органдарына іздеуде жүрген азаматты тұтқындап, іздеу салушы елге экстрадициядауды міндеттейді.

Естеріңізге салайық, Мұхтар Әбілазов 2005 -2009 жылдары аралығында БТА банктен 6 миллиард  доллар көлемінде қаржы жымқырды деп айыпталған болатын. Әбілазов 2013 жылы Францияда ұсталып, 2014 жылдың қаңтар айында Францияның төменгі инстанциядағы соты оны  Ресейге экстрадициялауға шешім шығарған. Бірақ сәуір айында Францияның Кассациялық соты бұл шешімнің күшін жойған.

Кейіннен Лион қаласының Апелляциялық соты Әбілазовты Ресейге экстрадициялауды қолдап және бір шешім шығарған еді. Бірақ бұл шешімді де 2016 жылдың 9 желтоқсанында Франция мемлекеттік кеңесі жоққа шығарып, Әбілазовты Ресейге бермей қойған болатын.

Франция сотының шамасы жетпеген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілазовты Алматы қаласының соты шілденің 7-сі күні сырттай 20 жылға соттаған.

“The Qazaq Times”