Еуроодақ Ресейді "Иегова куәгерлері" қауымдастығына еркін жиналыстар ұйымдастыруға рұқсат беруге шақырды. Бұл туралы Еуроодақтың дипломатиялық өкілінің Ресейге жолдаған ресми үндеуінде айтылған.

Жуырда Ресейдің Жоғарғы Соты "Иегова куәгерлері" қауымдастығын "экстремистік топ" деп тауып, мемлекет территориясында оның қызметіне тыйым салған болатын. Еуроодақтың ресми өкілі соттың шешімі бұл сенім иелерінің қудалауға ұшырауына әкеліп соқты деп есептейді.

Ресейге жолданған құжатта: "Иегова куәгерлері де барлық басқа діни топтар сияқты мемлекеттің араласуынсыз, еркін жиналыстар өткізуге құқылы. Бұл Адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттар мен Ресейдің Конституциясында көрсетілген", -делінген.

Ресейде қабылданған шешімнен кейін, "Иегова куәгерлері" қауымдастығының барлық мүлкін тәркілеуге, ал қарсылық білдіргендерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға бұйрық берілді.

"Иегова куәгерлері" ұйымы 1931 құрылған, штаб-пәтері - Нью-Йоркте. Ресейде 2,5 мың қауымдастыққа біріккен бұл ағымның соңынан еруші 175 мың адам бар.

“The Qazaq Times”