Ирак премьер-министрі бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде, «Ислам мемлекеті» ұйымының Ирактағы ақырзаманы жақындап қалды деді. Ол Ирак үкіметінің қарулы күштері мәлімдемесін алға тарта отырып, Мосул қаласындағы лаңкестік топтардың толықтай аластатылғанын айтып өтті. Осыдан үш жыл бұрын «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы Мосулда Халифат құрылғанын жария еткен болатын. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлап отыр.

Дегенмен, «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары Ирактан толықтай аластатылған жоқ. Аталған террорлық ұйым Мосулдың кейбір орындарын әлі де өз бақылауында ұстап отыр. Ал, Ирактағы кейбір шағын қалалар террорлық топтың қарамағында болып келеді. Ал, ұйымның Сүрия аумағында бақылауына алған территориясы әлде қайда кең. Айталық, Дейр Эз-Зор провинциясының шығыс аумағы мен ұйымның орталығы болып отырған Ракка қаласы террорлардың толықтай меңгеруінде.

Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади: «Мосулдың азат етілуі аталмыш ұйымның зауал күнінің басталғанын білдіреді. Мосул қаласы Ирактың ажырамас бір бөлегі», – деді. «Ислам мемлекеті» ұйымы бірнеше елдегі қадамдары сәтсіздікке ұшырап, жеңіліс тауып барған сайын ауқымының тарайып бара жатқанына қарамастан, әліде белсенді әрекет етіп отыр. Алдағы уақытта Бағдатта және Батыс елдерінде террорлық шабуылдар көптеп болуы мүмкін деп болжайды әлем елдері сарапшылары.

“The Qazaq Times”