АҚШ Халықаралық экономика зерттеу институтының аға зерттеушісі, танымал қытайтанушы Николас Лардидың болжауынша Трамп таққа шығысымен, сайлау кезінде айтқан саяси ұстанымдарының біразынан бас тартып, АҚШ-та дәстүрге айналған прагматикалық бағытта жұмыс алып баруы мүмкін. АҚШ мүддесі үшін және Қытай-АҚШ инвестициялық келісімдерінің ықпалында Трамптың сайланудан бұрынғы позициясы өзгереді. Екі күн бұрын Шинху агенттігінің журналистіне берген сұхбатында Ларди: Трамп Қытай-АҚШ инвестициялық қатынасын дамытуға мүдделі дегенді айтты.
Николас Ларди: « Трамп таққа отырғаннан кейін АҚШ экономикасындағы Қытай салмағын шын мойындайтын болады. Көптеген кәсіпорындар Қытайдағы үлкен базарға қызығып, сауда-экономикалық байланыс орнатып отырғанын да көреді. Қытай тауарларына инпорттық салықты көбейту Қытайдың ғана емес Америкадағы бәсекеге қабілетті компанияларға оң әсер бермейді. Осыған қарап, Трамп АҚШ мүддесін ескерсе Қытайға тосқауыл қоюы екіталай ».
Қазір қытайлық кез-келген БАҚ, Трамптың сайлау кезінде айтқан сөздерін қаншалық дәрежеде орындайды дегенге баса назар аударып отыр. Трамптың әр басқан қадамын аңдып тұр десек те артық емес. Себебі, Трамптың алдағы қадамы Қытай үшін аса маңызды. АҚШ-Қытай мүддесі теке-тіреске түспесе де, мұнда екі ел дамуына керек көптеген түйткілдерге жауап жатыр. Сондықтанда, алыс құрлықтағы елдің президенті таққа отырып, өзінің қызымет жоспарларымен таныстырғанша қытайлық БАҚ-тың санасы санға, ойы онға бөлінеді. Әрине, бұл тақырып бізбен еш қатыссыз деуге келмейді.
"The Qazaq Times"