Парсы шығанағы елдері Катарға қаратқан дағдарысты тоқтату үшін Дохаға ресми түрде өз талаптарын жолдады. Бұл талаптардың арасында «әл-Жазира» арнасын жабу және Түркияның әскери базаларын елден шығару, «Мұсылман бауырлар» ұйымымен болған байланысты тоқтату, Иранмен қатынасты азайту қатарлы талаптар бар. Бұл туралы BBC арнасының ресми сайты хабарлайды.
5 маусымда Сауд Арабиясы бастаған араб елдері Катарға дипломатиялық санкция салып, Катар дағдарысын орнатқан болатын. Су, құрлық, әуе жолдарын кесіп тастап, шағын ғана түбекке орналасқан көп бағытты дипломатиялық қатынастағы Катарға экономикалық санкцияда салды.
Катар дағдарысы Шығанақ жағалауы елдерінің кеңесінде, келіссөздер жүргізу арқылы шешім табады деп күтілген. Осы аптаның басында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Сауд Арабиясы бастаған елдердің келіссөз талаптарын қоймай отырғанына таңқалыс білдірген еді.
Енді міне Катар дағдарысын тудырған елдер өз талабын қойды. Алайда осыған дейін Катар жағы «әл-Жазира» арнасының болашағы Катардың ішкі ісіне жататынын мәлімдеп, бұл келіссөз талабына кірмейтінін ескерткен. Ал, Катардағы Түркия әскери базалары туралы түрік елі хабарлама жариялап, Катармен әскери ынтымақтастық, Шығанақ орнықтылығын сақтау туралы қатарлы істер үшін Катарда түрік әскерлері болатынын айтқан.
Сауд Арабиясы бастаған елдер «әл-Жазира» арнасының оппозиция үні ретінде, аймақтағы ықпалының артып бара жатқанын ашық айтты. Сарапшылардың ойынша, Катар бұл айтылған талаптарға келісім бере алмайды. Сондықтан да дипломатиялық дағдарыс жалғасын таба береді деп отыр.