Ирак үкіметі армиясы Мосул қаласындағы «Ислам мемлекеті» аталған террорлық күштердің ең соңғы тиянағы болған Эски қалашығына шабуыл бастады. Ирак Қарулы күштері таратқан мәліметке сүйенсек, Үкімет армиясы қаланың шығыс жағынан, ал Федералдық полиция оңтүстік бағыттан шабуылдаған. Эски қалашығы Ирак үкіметінің қолына өтсе, Мосул толықтай қайтарылып алынған болады. Бұл туралы BBC арнасының ресми сайты жазып отыр.
Соңғы жеткен деректерге қарағанда, «Ислам мемлекеті» күштері қалашықты қорғап, қатты қарсылық көрсетуде. Жиһадшылар қалашыққа кіретін өткелдерге бекініп жан аямай ұрыс салып жатқан көрінеді. Ирактың террорлыққа қарсы күштерінің қолбасшысы Маан әл-Садидің «Франс-Пресс» басылымына берген сұхбатында, үкімет армиясы Фаруз районында басымдықты қолға келтіргенін, десе де қарсылықтың әлі де күшті екенін айтқан.
БҰҰ-ның мәліметінде Эски қалашығының тұрғындар саны 100 мыңға тартады. Соңғы екі апта ішінде Мосулдың батыс райондарынан 230 бейбіт тұрғын қаза тапқаны мәлім болды. Олардың басым көбі осы реткі шайқаста көз жұмса, бір бөлімі қаладан қашып шығу барысында лаңкестік топ жағынан оққа ұшқан.
Үкімет армиясы қала тұрғындарына ашық жерлерде жүрмеуін ескертіп, хабарлама таратты. Әрі әрқандай бір мүмкіндікті пайдаланып, шайқас болып жатқан өңірден алыстап кетуін ескертті. Үкімет армиясының мәліметіне қарағанда, Мосул шайқасы басталған кездегі (өткен жылы қазан айы) 6 мың лаңкестік топ мүшесінен Эскиге бекінген 300 адам қалған.