Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 20 маусымдағы №381 "Астана халықаралық әуежайын қайта атау туралы» қаулысына сәйкес, Астана әуежайына президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілетін болды.
Қаулыда: «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабының 4-1) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, темір жол вокзалдарына, темір жол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мелекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау, өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Астана халықаралық әуежайы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып қайта аталсын.
2.Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі» - деп, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Б. Сағынтаевпен бекітілген.
Сонымен қатар декларацияда : «Ел Конституциясында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз – Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу», – делінген еді.
Халықаралық маңызды нысандарға президенттің атын беру басқа елдердің тәжірибесінде кездеседі. Мысалға, Үндістанның бірнеше қалаларындағы Халықаралық әуежайларға ел тарихында елеулі орны бар саясаткерлердің, ұлт көсемдерінің аты берілген.
Ал, көршілес Өзбекстандағы Ташкент әуежайына да жақын арада бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың аты берілген. Әуежайға Ислам Кәрімовтің есімін беру жөніндегі шешімге Өзбекстанның қазіргі президенті Шавхат Мирзеев осы жылы, мамырдың 4 күні қол қойған болатын.