Астана қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру арқылы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды бастайды. Енді топтарды құру үшін қосымша жазылу жүргізіп жатыр. 

Олар тігінші, аспаз, наубайшы, даяшы,электромонтер, сандық, компьютерлік сауаттылық дағдылары бойынша білім алады. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі (міндетті түрде педагогикалық білімі бар болуы керек), бақылаушы-кассир, саудадағы менеджер, тігінші, ағылшын тіліне де оқыту жүргізілуде.

Бағдарламаға қатысушылар тегін оқытылады әрі 16 759 теңге көлеміндегі стипендиямен қамтамасыз етіледі, өзге қалалықтарға тұрғын үйді жалға алуға кеткен шығынды өтеу қарастырылған. Оқу мерзімі 1 – 3 ай.

Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін біліктілікті иеленуі жайлы куәлік беріледі және алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.

“The Qazaq Times”