Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың есебіне сәйкес, үстіміздегі жылдың өткен кезеңінде (06.06.17 ж.) жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 186 мыңнан астам адам қамтылған. Оның ішінде 91 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған. Ал, 74,8 мың адам кейіннен белгілі бір бөлігі тұрақты жұмыспен қамтылатындай жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстар бағдарламалары арқылы уақытша еңбекпен қамтылды.

2016 жылы 310,6 мың жаңа жұмыс орындары құрылса, оның 151,6 мыңы ауылдық жерде пайда болған (2017 жылдың 1 маусымына - тиісінше 105 және 44,8 мың). Салалар тұрғысында ең көп жұмыс орны сауда – 37,7  мың, құрылыс – 35,3 мың, өнеркәсіп – 23,9 мың, ауыл шаруашылық – 20,1 мың (2017 жылдың 1 маусымына – сауда – 14 мың, құрылыс – 16,1 мың, ауылшаруашылық, орман және балық шаруашылығында –  10,3 мың жаңа жұмыс орны) бағыттарында құрылған. Жалпы жұмыс орындары көлемінен 65,9% – тұрақты жұмыс орындары болса, қалғаны - уақытша және маусымдық сипатта (2017 жылдың 1 маусымына – 78,2%).

Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары іске асырылып, 2016 жылы елдегі жұмыспен қамту мекемелеріне 336,4 мың жұмыссыз адам көмекке жүгінген. Бұл жерде 66%-дан астамы еңбекпен қамтылған (2017 жылдың 1 маусымына - 130,2 мың, 39 % жұмысқа орналастырылған).

“The Qazaq Times”