«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі шеңберіндегі «Атом энергиясының әлемі» павильонында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Cameco Corporation, Uranium One Inc., CGN және AREVA компаниялары арасында меморандумдарға қол қойылды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар бірлескен кәсіпорындардағы автоматтандыру, цифрландыру және роботтандыру саласында Big Data, заттар интернеті, аддитивтік технологиялар, 3D үлгілеу және бұлтты технологиялар жөніндегі жобаларды әзірлеуге ниетті.
«Біздің барлық кәсіпорындарымыз цифрландыруға көшеді, роботтандыру элементтерін қолданып, мол деректерді талдау арқылы жұмыс жүргізетін болады», - деді Қазатомөнеркәсіп Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев.
Қазіргі кезде ұлттық атом компаниясы «Индустрия 4.0» тұжырымдамасын іске асыру бойынша жұмыстар атқарады. Яғни Қазатомөнеркәсіпте уран өндірісінің негізгі бағыттарын кешенді автоматтандыру жүріп жатыр. «Индустрия 4.0» үшін тұғырнама болатын Цифрлық кеніш, ERP (кәсіпорын ресурстарын жоспарлау), Жоспарлаудың біріктірілген жүйесі, Жағдаяттық орталық жобалары іске қосылған.