ҚР Қаржы министрлігі Қазинвестбанк пен Delta Bank-тегі қаражаты қайтарып алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл туралы ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.
"Заңға сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр. Кредиторлардың кезегі нақтыланған. Егер қажет болса барлық тексерісті жүргіземіз", - деді министр.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Ұлттық банкі «Қазинвестбанк» АҚ-ны банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген лицензиясынан айырған. Шешім аталған банктің «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының) 48-бабы 1-тармағының в) тармақшасында көзделген негіздер бойынша, төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді үнемі орындамағаны үшін қабылданған.
Ал кейін Қазинвестбанкте зейнетақы қорының 1 млрд 449 млн теңгесі бар екені мәлім болды. Салым 2019 жылдың 21 қазанында алынуы тиіс екен. Осы жылдың 1 сәуіріндегі ақпарат бойынша Қазинвестбанктің депозитінде 1 млрд 491 млн теңге орналасқан, ал өткен жылдың қаңтар айында бұл қаржы 2,9 млрд теңге болған.
Бұдан бөлек Ұлттық банк бірер күн бұрын «Delta Bank» АҚ-тың жеке және заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке және заңды тұлғалардың банк шоттарын ашуға лицензиясын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған.