Nokia 3310 телефоны қайтадан өндіріле бастады деп хабарлайды ВВС ақпараттар қызметі.
Nokia 3310 ұялы телефондары 2005 жылы өндірістен алынып тасталғаны белгілі. Бірақ, сол уақытқа дейін Nokia 3310 телефонының 126 миллион данасы әлем бойынша сатылып үлгерген болатын. Аталмыш рекордтық көрсеткішті қайталамаса да, қомақты қаржы табу мақсатында араға 12 жыл салып Nokia 3310 телефонының жаңартылған нұсқасын HMD Global компаниясы өндіріске қайта жіберген.
Қазіргі таңда Nokia компаниясының телефон өндірмейтіндігіне байланысты HMD Global компаниясы Nokia брендін сатып алған.
HMD Global компаниясы Nokia телефондарының 3310 модельінен басқа, Nokia атауымен ішіне Android бағдарламасы орнатылған үш бірдей смартфондарды да шығаратындарын мәлімдеген.
Өндірушілердің айтуынша Nokia 3310 қуаты үздіксіз пайдаланатын болса 22 сағатқа, жиі қолданбайтын болса бір айға дейін жетеді екен.
Осы аптада Ұлыбританияда Nokia 3310 телефонының жаңартылған нұсқасы 49,99 фунтқа сатылымға шығарылған. Ұлыбритания сарапшыларының зерттеуі бойынша Nokia телефондарының бұл нұсқасына сұраныс көп болуы тиіс. Өйткені қазіргі таңда елде қолданыста 20 миллион телефон болса, соның 1 миллионы кнопкалы телефондар екен.