Қытай басшысы Ши Жинпиң Оңтүстік Кореяның бас елшісі Ли Хайчанмен кездесу барысында, екі ел қарым-қатынасына түскен сызаттарды қайта қалпына келтіретіндерін айтты. Корея президенті Мүн Жае-ин осыдан бұрын Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға үміткер екенін айтқан болатын. Қытай мен Корея арасында АҚШ-тың «Сад» зымыранға қарсы жүйесін орнатуына байланысты шиеленісті жағдай орнаған болатын.
“The Wall Street Journal” басылымының хабарлауына қарағанда, Кореяның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі бұл реткі кездесу туралы түсініктеме беруден бас тартқан. Бірақ, Қытай басшысы мен сол елдегі Кореяның ең жоғары елшісінің кездесуі екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсарту мақсатында болып өткенін болжауға болады.
Қытай басшысы Бейжіңдегі «Халық сарайы» қабылдау үйінде Мүн Жае-иннің арнаулы өкілін жылы лебізбен қарсы алды. Сонымен бірге, екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіруге дайын екенін айтты. Ши Жинпиң екі ел қатынасын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру керек деп атап көрсетті. Дегенмен, кездесуден кейін бұл туралы баспасөз мәжілісі өткізілмеген.
Ли Хайчан сол күні ҚХР мемлекеттік кеңесшісімен де кездескен. Қытай жоғары лауазымдыларының айтуынша, Қытай мемлекеттік кеңесшісі корей елшісіне жаңа басшыларының екі ел арасында алауыздыққа алып барғалы тұрған «Сад» зымыранға қарсы жүйесіне байсалдылық танытып, дұрыс шешім қабылдауын үміт ететінін айтқан.
Ал Солтүстік Корея мәселесіне келгенде Қытай басшылары бір ауыздан: Қытай Солтүстік Кореяның ядросыздануын қолдап, Корей түбегі қайшылығының бейбіт жолмен шешім табуын үміт етеді деп көрсеткен.