Бүгін түстен бұрын Еуропалық Комиссия америкалық кең таралған Facebook әлеуметтік желісіне 110 миллион еуро айыппұл салды. Себебі, аталған компания 2014 жылы WhatsApp-ты сатып алған кезде Еуропалық Комиссияға жалған ақпарат бергені анықталған. Бұл туралы "Шинлаң" ақпараттық агенттігінің ресми сайты хабарлайды.
Қатысты ақпараттарда бұл айыппұл сомасының Еуропалық Комиссияның ең жоғары айыппұл салу мөлшерінен төмен екені айтылған. Яғни, Facebook компаниясының 2016 жылғы жылдық табысының 1 пайызынан (248 млн еуро) да аз.
2014 жылы Facebook 21,8 млрд АҚШ долларына WhatsApp-ты сатып алды. Алайда, компания мәміле жасасу тоқтамы кезінде жалған ақпараттар берген болып шықты. ЕО комиссиясы Facebook-ті тексеруді өткен жылы желтоқсанда қолға алған болатын.
Facebook өткен жылы тамыз айында, WhatsApp-тың құпиялық саясатына реттеулер енгізді. WhatsApp пайдаланушылардың телефон номерлерін бөлісуіне рұқсат берді. Осы өзгеріс Еуропа Комиссиясының деректерді қорғау органдарының тексеруіне мұрындық болды. Еуропалық комиссия өкілдерінің айтуынша, Facebook компаниясы сатып алу тоқтамына қол қоюға дейін берген мәліметінде: екі компания пайдаланушыларының тіркелгісі арасындағы «сенімді автоматтандырылған матчты» белгілеп көрсету мүмкін болмайтыны туралы айтылған.
Еуропалық Комиссия бүгін түстен бұрын шығарған шешімі бойынша Facebook-тың сатып алуға дейінгі берген ақпараттары олардың жаңа өзгерістеріне сай емес деп кесіп, жоғарыда аталған көлемдегі айыппұлды төлеуге тиіс деген үкім берді.